Алматыда ашық аспан астында қазақ және шет тілдерін оқыту бойынша тегін курс ұйымдастыруға бағытталған «Тілдер саябағы» қалалық әлеуметтік жобасы ашылды.
Жоба қаланың жастар саясаты басқармасының, Алматы әкімдігінің жобалық кеңсесінің және қала еріктілерінің фронт кеңсесінің қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.
«Тілдер саябағы» лингвистикалық жобасы Алматы қаласының ірі саябақтарында ашық ауада оқытылады, мегаполистің барлық сегіз ауданын қамтиды.
Қазір онда қазақ, орыс, ағылшын, түрік, қытай және корей тілдерінен курстар бар. Сабақтар аптасына үш рет өткізіледі, алты жастан 60 жасқа дейінгі барлық ниет білдіруші қатыса алады. Жоба аяқталған соң қатысушыларға тілді меңгеру деңгейін растайтын сертификат беріледі.
Алдағы уақытта жобаны ұйымдастырушылар басқа да шет тілдерін қосуды жоспарлап отыр.
«Тілдер саябағы» қыркүйектің соңына дейін екі ай бойы жұмыс істейді. Жобаның ең белсенді қатысушылары үшін күзгі-қысқы уақытта ауданның комьюнити орталықтары базасында оқу жалғасады. Осылайша, жоба қала тұрғындарын жыл бойы оқытады.
Айта кетейік, жыл сайын Алматыда жастарға арналған 1 000-нан астам тегін курс, экологиялық, мәдени және спорттық іс-шара өткізіледі. Бұл жобалардың барлығы жастарды қаланың қоғамдық өміріне тартуға, жеке дамуына және бос уақытын тиімді өткізуге бағытталған.