ТЖД: Биыл Алматыда 388 өрт болған

Елімізде 2024 жылғы 22-28 шілде аралығында сауда нысандарында өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша республикалық акция өтті.

Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері өңірлік коммуникациялар қызметі брифиңде акцияның қорытындысын жариялады.

Алматы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Константин Канин сауда нсынадарынан өрт шығуының басты себебі — электр сымдарының қысқа тұйықталуы екенін атап өтті.

Осы жылдың жеті айында Алматы қаласының аумағында 388 өрт тіркелді, оның 11-і сауда нысандарында болған. Бұл өрттердің себептері: электр сымдары мен құрылғыларының қысқа тұйықталуы — 10 жағдай, дәнекерлеу – бір. Нәтижесінде меншік иелеріне де, жалға алушыларға да үлкен материалдық залал келтірілді. Бұл тек тауарлық-материалдық шығын емес. Көптеген отбасылар табыс көзінен айырылды, – деді К.Канин.

Брифиңге қатысқан Алматы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау майоры Дарын Мұқанов 2024 жылғы 22-28 шілде аралығында Алматыда сауда объектілерінде өрттердің туындау қаупін азайту мақсатында «Қауіпсіз сауда» республикалық акциясы өткізілгенін хабарлады. Оның шеңберінде 123 сауда объектілерінде өрт қауіпсіздігі саласында профилактикалық іс-шаралар жүргізілген.