Алматы әкімі Ерболат Досаев Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесуде электр желілері мен трансформаторлық қосалқы станцияларды жаңғырту аудандағы инженерлік инфрақұрылымды дамытудың маңызды міндеті екенін айтты.
Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Шаһар басшысының айтуынша, ауданның электр желілерінің 85%-і толығымен тозған, сондықтан жарық жиі өшіп қалады. Ауданды тұрақты электрмен қамтамасыз ету үшін 2021 жылғы қыркүйекте мердігер ұйым Ақжар, Қарағайлы, Құрамыс, Рахат, Таусамалы және Шұғыла шағын аудандарында электр желілерін жаңарту жұмыстарын бастаған болатын. Алайда сол жылдың қараша айында жобаның қымбаттауына байланысты жұмыс тоқтатылды. 2023 жылғы маусымда түзетулерден кейін жұмыс қайта жанданды.
Жоба аясында жоспарланған 1 231 тіректің 854-і орнатылып, 11,2 км электр желілері жаңғыртылды. Қосымша 26 трансформаторлық қосалқы станция орнатылады. Жұмысты биыл қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланған. Соның нәтижесінде желілердің тозуы 30%-ке төмендейді.
«Алатау Жарық компаниясы» АҚ желісі бойынша 17 трансформаторлық қосалқы станция мен 98 км электр желісіне күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізілді. Жыл соңына дейін тағы 54 трансформаторлық қосалқы станция мен 150 км электр желілері жөнделеді.
Жыл басынан бері сапалы сыртқы жарықтандырумен қамтамасыз ету үшін 20 шақырымнан астам әуе және кабель желісі мен 2 530 шам ауыстырылды. Жыл соңына дейін тағы үш шақырым кабель желісін жаңғырту, сонымен қатар 3 мың шам мен 50 жарықтандыру тірегін ауыстыру көзделген. Сонымен қатар жыл соңына дейін «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында аудандағы жарық орнатылмаған қалған 35 көше мен тұйық көшелерге сыртқы жарықтандыру желілерін жүргізу жоспарға енді, – деді Ерболат Досаев.