Алматыда Наурызбай батыр көшесінде көк түсті жол белгісі сызылды. «Алматы паркинг» мәліметінше, коммуналдық мекеменің ақылы тұрақ аймағы көк түспен таңбаланады.
Бұл жаңашылдық көлік жүргізушілеріне тұрақ аймағын тез анықтауға көмектеседі. Бұрын ақылы автотұрақтар тек 5, 10 және 20 сандары бар шеңбермен бейнеленген ақпараттық тақта түрінде көрсетілген. Алайда мұндай белгілер әрдайым ақылы тұрақ шекараларын нақты көрсете алмайды.
Көк түсті таңба Наурызбай батыр көшесінде пайда болды және одан әрі барлық коммуналдық ақылы автотұрақта қолданылады. Тығыз трафик кезінде жол белгісі байқалмауы мүмкін, ал көк таңба назар аудартады. Бұл қалалық инфрақұрылымды жақсарту және Алматы тұрғындары мен қонақтары үшін жайлылық деңгейін арттыру жөніндегі бағдарламаның бір бөлігі. Көлік жүргізушілері қазірдің өзінде тұрақ аймағын анықтау процесін қарапайым әрі түсінікті ететін жаңа жүйенің артықшылығын бағалай алады, — делінген хабарламада.