Адам саудасымен байланысты қылмыстардың жаңа құрамы қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Мемлекет басшысы 2024 жылғы 5 шілдеде «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды, ол алғашқы ресми жарияланған күннен кейін 60 күнтізбелік күн өткен соң, яғни, 2024 жылғы 5 қыркүйекте күшіне енеді. Заң шеңберінде қылмыстық кодекске қылмыстардың жаңа санаты — адам саудасына байланысты қылмыстар енгізіледі және «сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтер» деген жаңа ұғым енгізілмек. Сонымен қатар қылмыстық жауапкершілік енгізіледі:
- адамдарды, оның ішінде кәмелетке толмағандарды жыныстық сипаттағы өзге де қызметтер көрсетуге тарту, сол сияқты осы мақсаттар үшін жеңгетай болу;
- осы қызметке тарту мақсатында, сол сияқты жеңгетайлық мақсатта жезөкшелікті, жыныстық сипаттағы өзге де қызметтерді насихаттау және (немесе) жарнамалау;
- телекоммуникация желілерін, оның ішінде интернетті пайдалану арқылы жезөкшелікпен айналысу, сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтер көрсету және жеңгетайлық үшін притондарды ұйымдастыру немесе ұстау.
ҚК-нің 134, 308 және 309 және ҚР ӘҚБтК-нің 450-баптары бойынша ұйымдастырушылар жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар заңда жезөкшелік қызметін, кәмелетке толмаған адамның көрінеу көрсететін өзге де жыныстық сипаттағы қызметті алғаны үшін қылмыстық жауаптылық қарастырылады. Бұл ҚР ҚК-нің 122-бабы бойынша жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді.
Адам саудасына қатысты қылмыстар бойынша татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату алынып тасталады. Қылмыстық-процестік кодексте жәбірленушінің арнаулы әлеуметтік қызметтер алуға құқығы көзделді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске медициналық ұйымдардың және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың лауазымды адамдарының жаңа туған нәрестені тастап кету фактісі туралы хабарламағаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді, – делінген хабарламада.