Басты бетЖаңалықтарАлматыда мектеп...

Алматыда мектеп мұғалімі арықтаймын деп ажал құшты

Алматыда артық салмақтан арылу үшін липосакция жасатқан әйел қаза болды.

Бұқаралық ақпарат құралдарында тараған ақпарат бойынша, липосакция жасатқан әйел жекеменшік клиникада қайтыс болған.

47 жастағы бастауыш сынып мұғалімі Құралай Батырханова көптен бері артық салмақтан арыла алмай жүрген. Содан липосакция жасауға шешім қабылдаған. Оны Алматыдағы жеке меншік клиникада мақтаулы пластикалық хирургке жасатқан. Қызмет ақысы — 2 миллион теңге. Оны бауырынан қарызға алыпты.

Медициналық тексеріс кезінде әйелдің денсаулығынан ешқандай кінәрат таппаған. Құралайдың ішіндегі майды алу отасы бір жарым сағатқа созылған. Әйел липосакциядан кейін жақындарына өз-өзіне келе алмай жатқаны туралы хабарлама жіберген. Ал түнге қарай дәрігерлер қаралы хабар жеткізіпті.

Мәйітке жасалған сараптаманың алдын ала қорытындысы бойынша, 47 жастағы әйел инфарктен кеткен. Десе де жақындары бұған сенбейді. Олар отадан кейін науқасқа күтім дұрыс жасалмаған деп күдіктенеді.

Ал іштегі майды алу операциясын жасаған мақтаулы дәрігер қызметін әлі де жалғастырып жатыр. Оның айтуынша, Құралайға ота сәтті жасалған.

Операция ойдағыдай өтті. Кейін науқас интенсивті терапия бөліміне, сосын стационарға ауыстырылды.Ол палатада өзін жақсы сезінді. Ал түстен кейін жағдайы нашарлай бастады. Біз протоколға сәйкес әрекет еттік. Бірақ науқасты аман алып қала алмадық. Отаны мен жасадым, моральді тұрғыда жауаптымын. Қазір маған да қиын болып тұр. Өкінішке қарай, медицинада күтпеген жағдайлар болады. Не болғанын өзім де түсіне алмай жүрмін, — дейді Данияр Урмурзин.

Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек бұл жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

Аталған дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы іс қозғады. Адам өлімінің себеп-салдарын анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды. Содан кейін процессуалдық шешім қабылданады, — деді Салтанат Әзірбек.

Сараптаманың нақты қорытындысы бір айдан соң шығады. Ұлағатты ұстаздың артында үш баласы қалған. Қазір қайғылы жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Липосакцияны жасаған пластикалық хирургтың кінәсі дәлелденсе, төрт жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.