2024 жылғы докторантураға түсу емтиханына өтініш қабылдау басталды. Ол testcenter.kz сайтында 11 шілдеден бастап 3 тамызға дейін жүргізіледі.
Өтініш беру кезінде тек тестілеу орнын (қаласын) таңдай аласыздар.
Ал тест тапсыру күні, уақыты және орны (мекенжайы) туралы ақпарат 9 тамызда жеке кабинеттің «Менің іс-әрекетім» бөлімінде ұсынылады.
Айта кетейік, сіздерге өтініштерді қабылдау мерзімі аяқталғанға дейін, яғни 3 тамызға дейін білім беру бағдарламаларының тобына, тест тапсыру тілі мен орнына (қаласына) өзгеріс енгізуге мүмкіндік беріледі.
Емтиханға қатысу құны — 21 072 теңге.
TOEFL ITP сертификаты бар тұлғалар ДТЕ басталғанға дейін ағылшын тілін білуге арналған қосымша тестілеуді (қосымша тестілеу) тапсырады.
Қосымша тестілеуді өткізу орны мен уақыты туралы ақпарат 5 тамызда талапкердің жеке кабинетінде қолжетімді болады. Қосымша тестілеуге қатысу құны — 14 162 теңге.
Түсушілер міндетті түрде ҚАЗТЕСТ сертификатын және шет тілін меңгергенін растайтын сертификат ұсынуы керек. 2024 жылы шет тілін меңгергенін растайтын сертификаттардың шекті деңгейі B1-ге дейін төмендетілді және тізімге TOEIC және Duolingo English Test сертификаттары енгізілді.
Докторантураға «магистр» дәрежесі және кемінде тоғыз ай еңбек өтілі бар немесе медицина мамандықтары бойынша резидентурада оқу бітірген адамдар қабылданады. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша және ақылы негізде докторантураға түсу үшін шекті балл — 75 балл.
2024 жылдан бастап түсушілердің бейіні бойынша докторлар бағдарламасы аясында докторантураға түсуге мүмкіндігі бар. Бұл бағдарлама үшін шет тілін меңгергенін растайтын сертификаттың белгілі бір деңгейі талап етілмейді. Сонымен қатар бейіні бойынша докторлар бағдарламасына түсушілер емтихан барысында эссе жазбайды.
Ең жоғары көрсеткіш — 80 балл, оның ішінде әңгімелесуге — 25 балл, кәсіпорындар мен ұйымдардың ұсыныс хатына (болған жағдайда) — 5 балл және бейіні бойынша емтихан сұрақтары — 50 балл. Шекті балл — кемінде 50.