Алматыдағы бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін белгіленген арнайы орын өзгеруі мүмкін.
«Ашық НҚА» сайтында Алматы қаласы мәслихатының «Алматы қаласындағы бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды, сонымен қатар арнайы орындарды пайдалану тәртібін айқындау туралы» 2020 жылғы 23 маусымдағы №462 шешіміне өзгеріс енгізу туралы ұсыныс орналастырылған.
Жоба 24 шілдеге дейін «Ашық НҚА» сайтында ашық талқылауда болады. Ол бойынша бейбіт шерулерге арналған аймақты Шоқан Уәлиханов атындағы скверден (1 000 адамға арналған) Амангелді Иманов атындағы скверге (500 адамға арналған) көшіру ұсынылады. Сонымен қатар Шевченко көшесімен өтетін қолданыстағы шеру маршруты Гагарин даңғылы мен Мұқанов көшесі арасындағы Жамбыл көшесінің бойындағы жаңа маршрутқа ауыстырылады.
Жоба бойынша «Сары-Арқа» кинотеатрының артындағы алаңның сыйымдылығын 500-ден 1 000 адамға дейін өзгерту жоспарланған.