Ата-аналар баласының жазғы уақыты тиімді әрі естен кетпестей қызық өткенін қалайды. Бұл үшін лагерь — таптырмайтын жер. Қалада өсіп келе жатқан баланың телефонсыз демалысы қалай өтіп жатыр? Лагерьде шығармашылығын қалай дамытып жүр? Оны білу үшін Baribar.kz тілшісі «Avat kids camp» лагерінің жұмыс бағдарламасымен танысып қайтты.
Лагерь Еңбекшіқазақ ауданындағы Ават кентінде орналасқан. Онда екі кең тұрғын үй ғимараты, асхана, ойын және топтық іс-шаралар алаңы мен ашық кинотеатр, футбол және баскетбол алаңдары бар. Екі бассейн мен атқа мінетін манежді де көрдік. Биыл қала маңындағы лагерьлерге балалар 20 маусымнан тамыз айының соңына дейін қабылданады. Бұрын лагерь «Каникулы Offline» деп аталған екен, биыл «Avat kids camp» деп өзгертіліпті. Бұған лагерьдің Ават кентінді орналасқаны әсер етсе керек.
Балалар демалыс көңілінен шығып жатыр дейді. Бәрі ұнап, келесі маусымға да келгісі келетінін айтты.
Жасым он алтыда. Лагерьге келгеніме бес күн болды. Қатты ұнап жатыр, эстафеталар жиі болып тұрады. Тамағы өте дәмді. Бос уақытымызда бассейнге түсеміз, түскі уақытта ұйықтаймыз, — дейді Сәбина Серік.
Алматы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың айтуынша, қазіргі уақытта қалада 215 мемлкеттік мектеп бар. Онда 300 мыңнан астам бала оқиды. Жыл сайын Алматы қаласының әкімдігі көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларын сауықтыру демалысына жіберу үшін қосымша қаражат бөледі.
Жазғы маусымның басынан бастап, мектеп жанындағы спорттық және киіз үй лагерьлерінде 43 323 бала демалды. Алдағы уақытта ата-анасынан айырылған, ерекше білім беру қажеттігі бар және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды, сондай-ақ аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан балаларды демалыс лагерьлеріне толық жіберу жоспраланып жатыр. Оқушылар сарайының «Өрнек» лагерінде алдағы үш маусымда 900 бала демала алады. Олар — «Жанұя» мамандандырылған кешенінің тәрбиеленушілері, халықтың әлеуметтік осал тобының балалары, түрлі байқау мен жарыс жеңімпаздары. Қала сыртындағы лагерлерде демалу үшін жоғарыда айтылған топтардың үш мыңға жуық оқушысына жергілікті бюджеттен 540 миллион теңге бөлінді. Былтырмен салыстырғанда жолдама құны жалпы білім беретін мектептердің балалары үшін 10 500 теңгеден 15 000 теңгеге дейін және ерекше білім беру қажеттігі бар балалар үшін 20 000 теңгеден 30 000 теңгеге дейін ұлғайды» — деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.
Қазір лагерьде Алматының 240 оқушысы демалып жатыр. Оның ішінде «Жанұя» мамандандырылған кешенінің 80 тәрбиеленушісі және «Мейірім» өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығының 12 баласы бар.
Лагерьге алғаш келген күні экскурсия болды. Тәлімгерімізбен таныстық. Олар бірінші күні-ақ телефонымызды жинап алып, тек жиырма минутқа берілетінін ескертті. Басында телефонсыз жүруге үйрену қиындау болды. Бірақ қатарластарымызбен танысып, қазір жақсы дос болып кеттік. Телефонсыз да қызық уақыт өткізуге болатынына көз жеткіздік. Бұл лагерьге екінші рет келіп тұрмын. Былтырғымен салыстырғанда лагерьдің артықшылығы көп. Бұған дейін атпен серуендеу, алыстан лазер ату сияқты ойындар жоқ еді. Биыл солардың бәрі қосылып, былтырғыдан да қызық уақыт өткізіп жатырмын, — дейді лагерьде демалып жатқан оқушы Қарақат Мұрат.
Жаздың алғашқы айында балалар мектеп жанындағы, спорттық және киіз үй лагерьлерінде демалыпты. Бағдарламаға экскурсиялар мен шығармашылық шеберханалар кірген. Сонымен қатар 40 мыңнан астам бала тегін тамақтанған. Балалар мемлекеттік және жеке қосымша білім беру ұйымдарындағы үйірмелер мен секцияларға белсене қатысып жүр. Үйірмелердің жалпы саны — 40-қа жуық. Оның ішінде Оқушылар сарайы, аудандық жеті Оқушылар үйі, өнер мектебі мен сегіз музыка мектебі, екі ақпараттық технологиялар орталығы бар.
«Avat kids camp»-тің директоры Раушан Тастанбекова лагерь қаладағы және жақын маңдағы балалардың жазғы демалысы тиімді өтуі үшін ұйымдастырылғанын айтты.
Биыл бұл лагерьдің ашылғанына екі жыл болады. Лагерьде демалу үшін мектеп директорының орынбасары тізім құрып, әкімдікке жібереді. Мақұлданған тізім бойынша балаларды құшақ жая қарсы аламыз. Кішкентай демалушыларымыздың күн тәртібіне тоқталайын. Таңертең міндетті түрде жаттығу жасайды. Артынша таңғы асын ішіп, отрядтық іс-шараларға қатысады. Балалар бір минут та бос отырмайды. Күн райы жақсы болып тұрса, бассейнге түсіп, атпен серуендейді. Лагерьдің алып жатқан аумағы — тоғыз гектар жер. Балаларға серуендеуге әбден ыңғайлы. Бұл өздеріне де қатты ұнайды. Балаларға бес мезгіл тамақ беріледі. Түскі уақытта ұйықтап алады. Кешке қарай түрлі ойын ойнап, көңіл көтереді, — дейді лагерь басшысы.
Одан бөлек балалар бүгінгі күн несімен есте қалғанын және кемшіл тұсы бар қандай жағдай болғанын айтып, ой бөліседі. Басшының айтуынша, бұл алдағы уақытта лагерьдің одан әрі дамуына көмектеседі.
Алдыңғы маусымның балалары лагерьмен қимай қоштасқан еді. Ата-аналар да ризашылығын білдірген. Қауіпсіздік шаралары толығымен сақталған. Күзет тәулік бойы жұмыс істейді. Ата-аналар баласына келіп, қажет заттарын беріп кете алады. Лагерь аумағына бөтен ешкімді кіргізбейміз. Суға батып кету, аттан құлау сияқты жағдайлар болған жоқ. Ондайға мұқият қараймыз, — дейді Раушан Тастанбекова.
Балалардың жанынан әрдайым табылатын жандар — лагерь тәлімгерлері. Қазір лагерьде 26 тәлімгер бар. Екі үлкен тәлімгер, әдіскер, жүзу жаттықтырушысы және дене шынықтыру пәнінің мұғалімі де бар.
Бексұлтан Берік — 11-12 жас аралығындағы балаларға қарайтын тәлімгер. Тобында 22 бала бар екен.
Үйінен жыраққа шықпаған балалар үшін тез бейімделіп кету қиындау. «Үйге қайтамын» деп жылғандар да болды. Әр үйдің бір еркесімен ыңғайына қарап сөйлесуге тырысамыз. Қазір лагерьге үйреніп қалды. Алғашқы күні-ақ топтың атауын, ұранын бірге ойластырып балаларды жақын тартуға тырыстық. Мәселен, менің алдыңғы отрядымның атауы «Акуна Матата» еді. «Акуна матата круче всех, Акуна Матата рвет всех» деп ұрандататын. Әр отрядқа екі тәлімгерден берілген. Балалармен бірге бір бөлмеде жатамыз. Олардың қалауын ескеруге тырысамыз. Сурет салуға қызықса, оны да салғызамыз. Өзіме балалармен жұмыс істеген қатты ұнайды. Әр баламен тез тіл табысуға тырысамын, — дейді тәлімгер.
Балалардың белсенділігі кішкентайынан байқалады. Түрлі байқау жеңімпазы болып, белсенді болған оқушылар лагерьге жолдама ұтып алған. Жүлдегерлер демалысқа түгел келген. Лагерьдегі бағадарламалар балалардың қабілетін одан әрі дамытуға көп көмегін тигізіп жатқан көрінеді. Жүзуді үйрену, блог жүргізу, актерлық шеберлік, эстрадалық-сахналық дағдыларды дамыту сияқты бағдарламалар арқылы оқушылар жаңа қырын ашып жатыр.
Жыл сайын «Жанұя», «Мейірім» орталықтарының тәрбиеленушілері жазды қала сыртындағы лагерьлерде өткізеді. Демалушылар күш жинап, жаңа оқу жылына жаңа деммен кіріседі. Сондай-ақ, биыл балалар жазғы маусымның басталуын асыға күткен еді, — деді Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Бибігүл Малғаждарова.
Қалған балалар кесте бойынша тамыз айының соңына дейін лагерьге барады.
Айжан Дайрабай