Елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде Беларусь Республикасы ұйымның толыққанды мүшесі болды.
Беларусь Республикасы 2010 жылдан бері Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысып келеді. Бастапқыда диалог бойынша әріптес болды, кейін бақылаушы мәртебесін алды.
Айта кетейік, іс-шараға Қазақстан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь, Моңғолия, Әзербайжан, Қатар, Түркия және Түрікменстанның мемлекет пен үкімет басшылары, БАӘ-ден Рас әл-Хайма әмірлігінің әмірі, Үндістанның сыртқы істер министрі, сонымен қатар ШЫҰ бас хатшысы және ШЫҰ өңірлік терроризмге қарсы құрылымының атқарушы директоры қатысып жатыр. Саммитке сонымен қатар БҰҰ бас хатшысы және ТМД, ЭЫҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ, ЕЭК және АҚИҰ сияқты халықаралық ұйымдардың басшылары шақырылған.
ШЫҰ саммиті алғаш рет «ШЫҰ-ға мүше мемлекет басшылары кеңесінің отырысы» және «ШЫҰ+» кездесуі форматында өтіп жатыр.
ШЫҰ-ға мүше мемлекет басшылары кеңесінің отырысы барысында Астана декларациясы, 20 шешім, мемлекет басшыларының үш мәлімдемесі, оның ішінде «Әділ бейбітшілік, келісім және даму үшін әлемдік бірлік туралы», «ШЫҰ-ны жетілдіру туралы» бастамасы қабылданады.