Қазақстан Қытайға экспортталатын астық көлемін 2 миллион тоннаға жеткізуге дайын. Бұл туралы Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздерден кейінгі баспасөзге арналған мәлімдеме барысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
Біз ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты жандандыру мәселесін талқыладық. Бұл салада табысты жүзеге асқан бірлескен жобалар бар. Егіншілікте смарт жүйесін қолдануға, су ресурстарын ұтымды пайдалануға және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге айрықша назар аударылады. Осы орайда қытайдың тәжірибесі мен технологияларын қолдануға, нақты инвестициялық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға мүдделіміз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы былтыр Қазақстанның Қытайға экспорттаған ауыл шаруашылығы тауарлары екі есе өсіп, 1 миллиард долларға жеткенін айтты.
Қытай нарығына сапалы әрі табиғи ет өнімдерін, майлы және дәнді дақылдар экспортын ұлғайтуға мүдделі екенімізді атап өттік. Бұл ретте Қазақстан астығын 2 миллион тоннаға жеткізуге дайынбыз. Осы саладағы ықпалдастықты кеңейту шараларын қолдағаныңыз үшін Төраға Си Цзиньпин мырзаға ризашылығымды білдіремін, — деді Қазақстан президенті.