Мегаполисте «Алматы Жазы» қалалық акциясы аясында қалалық субұрқақтар тазартылып, жуылып, жаңартылып жатыр. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, қазір коммуналдық меншіктің балансындағы 66 субұрқақтың 60-ы ретке келтірілді, қалған алтауы жаңғыртылу үстінде.
Жеке аумақта орналасқан субұрқақтар да тазартылды. Электр аспаптарының, жарықтандырудың, қондырмалар мен бүріккіштердің жұмысы бойынша субұрқақ жабдығына тексеру жүргізіледі.
Аудандық әкімдіктер мен «Eco Almaty» ЖШС жүргізетін түсіндіру жұмыстары аясында жеке субұрқақтарға тиісті жағдайда тұрақты техникалық қызмет көрсету және күтіп ұстау қажеттілігі туралы мәселелер белсенді талқыланады. Жеке субұрқақтарды коммуналдық меншікке беру мүмкіндігіне ерекше назар аударылған. Бұл олардың тұрақты жұмыс істеуін және қалалық ортаны жақсартуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — деді «Eco Almaty» ЖШС өкілі Жәнібек Кенжалиев.
Оның айтуынша, жеке аумақта орналасқан субұрқақтардың басым бөлігінің жағдайы мәз емес, қараусыз қалған, жұмыс істемейді немесе күрделі жөндеуді қажет етеді. Жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесі бойынша екі жеке субұрқақтың иесі – «Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы» АҚ және «Столичный» ТҮК нысандарын коммуналдық меншікке беруге дайын екендіктерін жеткізді.
Алматыда барлығы 150 субұрқақ бар, оның ішінде 66-сы коммуналдық және 84-і жеке аумақта орналасқан. «Алматы Жазы» науқаны аясында жеке субұрқақтар қалалық нысандармен қатар ретке келтіріледі.