Үкімет су тасқынынан кейін бизнестің мүлік шығындарын өтеуге 12 млрд теңге бөлді

Қазақстан үкіметі алапат су тасқынынан кейін шағын және орта бизнестің мүлікке қатысты шығындарын өтеу үшін өз резервінен 12 миллиард теңгеден астам қаржы бөлу туралы қаулы қабылдады.

Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Өңірлік комиссиялар кәсіпкерлердің өтінімдерін қабылдап жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша үкімет су тасқыны салдарын жою бойынша кешенді жұмыс жүргізіп жатыр. Қабылданып жатқан шаралардың ішінде азаматтарды жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету, біржолғы қаржылық көмек көрсету, үйлерді жөндеу мен қалпына келтіру шығындарын өтеу бар.

Зардап шеккен бизнеске келтірілген залалды өтеу жұмысы басталды. Қазіргі таңда өңірлік комиссиялар шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы сомасы 1,5 миллиард теңгеге 178 өтінімін қарап, мақұлдады.

Жалпы алғанда, әкімдіктердің алдын ала бағалауы бойынша 746 ШОБ субъектісі зардап шекті. Олардың қатарында азық-түлік дүкендері, кафелер, ТҚКО, қонақ үйлер және басқалары бар. Бүгінде бағалау және сметалық жұмыстар жүргізіліп жатыр, олардың қорытындысы бойынша өтінімдер өңірлік комиссиялардың қарауына енгізіледі.

Осылайша, үкімет резервінен 12 миллиард теңгеден астам қаражат ШОБ мүлік шығындарын өтеу үшін Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының бюджетіне аударылады.

Су тасқыны салдарын жою жөніндегі жұмыс үкімет басшылығының тұрақты бақылауына алынған.