Алматыдағы Мақатаев пен Масаншы көшелерінің қиылысындағы автобус апатына күдікті деп танылған жеңіл көлік жүргізушісі Анель Сартаева тергеу уақытында үй қамағында болады.
Бұл туралы Анель Сартаеваның адвокаты Қанат Алсейіт өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Ол бұған дейін жеңіл көлікті басқарған әйелдің тергеу кезінде тергеу изоляторына екі айға орналастырылғанын және Анель Сартаеваның төрт айлық баласы бар екенін жазған болатын.
Апелляция өтті. Қалалық сот жеке шағымды объективті және жан-жақты қарады. Бұрын таңдалған қамауда ұстау түріндегі шара жойылды. Жеке шағым толығымен қанағаттандырылды. Ол тергеу кезеңінде үй қамауында болады және баласына қамқорлық жасай алады, — деп жазды адвокат.
Еске салайық, 26 маусым күні Алматыда автобус апатқа ұшырап, бір адам қаза болған еді.