Қырғызстанның Ош облысы Нооқат ауданы Апшыр-Ата ауылында сел алып кеткен екі жасар баланың денесі табылды.
Бұл туралы Қырғыз Республикасы төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, жедел іздестіру шараларының нәтижесінде баланың денесі кеше сағат 15.50-де табылған. Баланы жергілікті тұрғындар тауып, ішкі істер министрлігінің қызметкерлеріне тапсырды.
Қазіргі кезде құқық қорғау органдары оның тұлғасын нақтылап жатыр. Сел салдарынан құрбан болғандар саны 10 адамға жетті. Бүгін іздеу жұмыстарына 85 құтқарушы мен 100-ден астам жергілікті тұрғын жұмылдырылды, — делінген хабарламада.
Еске салайық, Қазақстан ТЖМ құтқарушылары ҚР ҚМ әуе кемесімен Қырғыз Республикасының Ош қаласына азаматтарымызды эвакуациялау және қаза болғандардың денелерін елімізге тасымалдау үшін ұшып барды.