Бүгін парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда сегізінші сайланған парламенттің екінші сессиясы ресми түрде жабылды.
Бұл тұрғыда депутаттар биылғы 1 қыркүйекке дейін парламенттік каникул деп жарияланатыны туралы арнайы қаулы қабылдады.
Бүгін біз сегізінші сайланған Қазақстан парламентінің екінші сессиясының жұмысын аяқтағалы отырмыз. Дәстүр бойынша атқарылған жұмысты қорытындылаймыз, келешекке жоспар құрамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саяси реформалары парламент жұмысына жаңа бағыт-бағдар берді. Көппартиялы парламент заң шығарушы органның қызметіне тың серпін әкелді, қоғамның түрлі идеологиялық көзқарастағы әралуан өкілдерінің келуі қабылданатын заңдардың сапасын арттыра түсті. Мұның бәрі — Қазақстан парламентаризмі тарихындағы жаңа кезеңге айналды, — деді мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.
Оның айтуынша, өткен сессия «Күшті президент — ықпалды парламент — есеп беретін Үкімет» формуласының тиімділігін іс жүзінде дәлелдеді. Билік тармақтарының тепе-теңдігін қамтамасыз ететін бұл жүйе пәрменді шешімдер қабылдауға мүмкіндік туғызды.