Алматыда Лада көлігі ағашқа соғылып, төрт адам қаза болды. Бұл туралы полиция департаменті хабарлады.
Жергілікті полиция қызметінің кезекші бөлімінің мәліметінше, жол апаты бүгін түнгі сағат 2.20-да Алматының Медеу ауданында болды. Үлкен Алматы каналы бойымен шығыс бағытта келе жатқан Лада көлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай, жол жиегіне шығып кетіп, ағашқа соғылған.
Салдарынан көлік жүргізушісі мен оның үш жолаушысы оқиға орнында қаза болды, тағы бір жолаушы дене жарақатымен қалалық ауруханалардың біріне жеткізілді. Олардың барі Алматы облысы, Талғар ауданының тұрғыны екені белгілі болды, — делінген хабарламада.
Төрт адамның өліміне әкеліп соққан апат бойынша қылмыстық іс қозғалып, сараптамалар тағайындалды. Қайтыс болғандар 21-22 жастағы жігіттер.