Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мәжілістің жалпы отырысында биыл жемқорлардан тәркіленген ақшаға 25 мектеп салынатынын айтты.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 369 мектеп салу көзделген.
Жемқорлық қылмыстары аясында тәркіленіп, қайтарылған қаражат есебінен былтыр 36 білім нысаны бой көтерсе, биыл тағы 25-і қолданысқа берілмек.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы және жергілікті бюджеттен өткен жылы жеті мектеп пайдалануға берілсе, биылғы меже тағы алты нысан салу болып отыр. Белсенділік танытып келе жатқан қосымша бір бағыт – бұл бизнес-инвестиция. Өткен жылы 56 жекеменшік мектеп іске қосылды, — деді Тамара Дүйсенова.
Мұндай жекеменшік мектептердің саны бүгінде 667-ге жеткен. Онда 250 мыңнан аса бала тәрбиеленіп жатыр.
Оның айтуынша, жалпы мектеп салу үшін барлық көздерден бөлінген қаражаттың екі жылдық сомасы 2,4 триллион теңге болды.
Жаңа нысандардан бөлек, қолданыстағы ғимараттарды жөндеу жұмыстары да назардан тыс қалмады. Биыл елдегі 270 мектепті күрделі жөндеу қарастырылған.