Президент тапсырмасымен 2,5 миллиард текше метрге дейін су жинай алатын 20 жаңа су қоймасын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады.
Бірінші кезеңде Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан мен Жетісу облыстарында су қоймаларын салу жоспарланған.
Бүгінде Түркістан облысында Кеңсай-Қосқорған-2 су қоймасы пайдалануға берілді. Бәйдібек ауданында Бәйдібек ата су қоймасының, Төле би ауданында Қарақуыс су қоймасының құрылысы басталды. Жаңа су қоймалары Қазақстанның оңтүстігіндегі құрғақшылықпен күресуге көмектеседі, шаруаларды судың қажет көлемімен қамтамасыз етуге және еліміздің көрші мемлекеттердің су ресурстарына тәуелділігін 25%-ке азайтуға мүмкіндік береді, — деді министрліктің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева орталық коммуникациялар қызметінде.
Бұдан бөлек, жаңа су қоймаларын қолданысқа беру суармалы жерлердің ауданын 250 мың гектарға дейін ұлғайтуға және 137 мың тұрғыны бар 70 ауылдық елді мекенді су басу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар елімізде жалпы көлемі 1,9 миллиард текше метр болатын қолданыстағы 15 су қоймасын қайта жаңарту жоспарланып отыр. Биыл Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Түркістан облыстары мен Астана қаласындағы алты нысанда реконструкция жұмыстары басталады.