Бүгін елордада парламент палаталарының бірлескен отырысы басталды.
Күн тәртібі бойынша, парламент Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» жолдауын тыңдауға кірісті. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы үкіметінің және ҚР жоғары аудиторлық палатасының 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін талқылайды.
Бірлескен отырыста «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық заңының жобасы екінші оқылымда қаралады.
Палата отырысына депутаттық корпустан бөлек, ҚР премьер-министрі бастаған үкімет мүшелері толық құрамда қатысып жатыр. Сонымен қатар ҚР Конституциялық соты мен ҚР жоғарғы сотының төрағалары, ҚР ұлттық банкінің төрағасы бар.