Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанда шетелдік ЖОО филиалдарына түсу талаптары туралы айтып берді.
Мұндағы маңызды нәрсе — талапкерлерді іріктеуді шетелдік филиалдардың өзі жүргізеді, біз оған рұқсатымызды бердік. Өйткені әр университеттің студент қабылдаудағы өз талаптары болады, тіл білімін дәлелдейтін IELTS сертификаты сұралады, біз оған араласа алмаймыз. Бір ғана жеңілдік: алғашқы жылы тілге қойылатын талаптарды төмендеттік, өйткені оқуға түскендердің барлығы алдымен foundation — дайындық курсынан өтеді. Олар жыл бойы тіл, академиялық жазу, зерттеу әдістерін қарқынды үйренеді. Бакалавриаттың бірінші жылын бастау үшін тіл деңгейін қажетті деңгейге көтеретін уақыт бар, — деді Саясат Нұрбек орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның айтуынша, шетелдік ЖОО филиалдарының оқуға қабылдау мерзімдері де басқаша, шақыру науқаны ақпан айынан бері жүргізіліп келеді. Сонымен қатар мемлекеттік гранттар да бөлінеді. Оқытушылар арасында міндетті түрде халықаралық мамандар болады.
Бұдан басқа, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, шетелде білім алған қазақстандықтар белсенді түрде тартылады. Бұл ретте жергілікті серіктес ЖОО өз оқытушыларын шетелдік кеңсеге оқуға жібереді.
Мысалы, қазір Эдинбургте 16 қазақстандық оқытушы білім алып жатыр. Бұл қосымша пәндерді жергілікті ресурстар есебінен оқыту үшін жасалып отыр.
Шетелдік серіктес сапа стандартына кепілдік береді және барлық негізгі пәндерді олардың үздік оқытушы-профессорлары оқытады, — деді Саясат Нұрбек.