Бүгіннен бастап Қазақстанда вейп, оған арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтық әкелуге, сатуға және таратуға тыйым салынды.
Бұл шектеу хиттер немесе темекі қыздыру жүйесіне (IQOS, GLO, PLOOM, iFuse) қатысты емес. Тыйымның негізгі себебі — өскелең ұрпақтың денсаулығын сақтау.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 11 мен 15 жас аралығындағы жасөспірімдердің шамамен 10% тұрақты түрде вейп тартады.
Қазақстан балалар қоры жүргізген зерттеу көрсеткендей, алматылық 21 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен жастардың 80,5%-і, астаналық осындай жасөспірімдердің 83,3%-і апта сайын вейп сатып алады.
Қоғамдық саясат институтының әлеуметтік зерттеуіне сенсек, әрбір төртінші қазақстандық электрон темекі, вейп пен синтетикалық есірткі қолданудың артқанына алаңдайды. Талдау бұл мәселеге қатысты алаңдаушылықтың артқанын көрсетті: 2023 жылы қарашада 15,6%-тен 2024 жылғы мамырда 23,7%-ке дейін өскен, — делінген хабарламада.
Осылайша Қазақстандағы тыйым халықтың денсаулығы мен әсіресе жастарды қорғау мүддесі үшін электрон темекіні реттеудің жаһандық үрдісін көрсетеді.
Еске салайық, таяуда мемлекет басшысы вейпке тыйым салатын заңға қол қойды.