Көрерменнің қазақша дубляжға сұранысы артып келеді. Прокатқа шыққан “Ойжұмбақ-2” мультфильмінің қазақша дубляжы табысы алғашқы аптада-ақ 10 миллион теңгеден асты. Осылай, туынды бұған дейін дубляждалған танымал “Аватар: Су жолы” фильмінің алғашқы аптадағы табысынан үш есе асып түсті. Baribar.kz шетелдік көп танымал туындыны әуесқой дубляждап жүрген, Orda студиясының негізін қалаған Сержан Төлегенмен сөйлесті. Оның айтуынша, студия қызмекерлері — қазақша балалар контентіне жаншырлықпен кіріскен адамдар.
Сержан Төлеген медициналық колледж бітіріп жатыр. Сонымен қатар Orda деген дубляж студиясының негізін қалаған.
Жақында колледж бітіремін. Бірақ былтыр нақты қай бағытта дамығым келетінін ойлана бастадым. Сөйтіп 2023 жылғы 30 шілдеде Orda студиясы құрылды. Өзім Кентауданмын. Кішкентайымнан орысша контентті көріп өстім. Бірақ үйде менен басқа ешкім оны көрмейтін де, түсінбейтін де. Басқа бауырларым Balapan арнасындағы бірнеше дыбыстаманы көріп-ақ өсті. Алайда түрлі сапалы контент қазақ балаларына жетпей қалғаны көңілімді түсіретін. Әр қазақ баласы сапалы контент көруі керек, — дейді ол.
Сержан дубляж студиясын ашпас бұрын да осы салада тәжірибе жиған. Әуесқой дубляжбен алты жылға жуық айналысқан.
Студияны ашу туралы шешімді бір күнде қабылдадым деуге келмейді. Қайткен күнде де бұл бір тәуекелге бел бууды талап етті. Осы күнге дейін бұл саланың дамымай тұрғанының, оған көп адамның бет бұрмай жүргенінің себебі — қолдау жоқ. Мен де ашпас бұрын көп ойландым. Дайындыққа, бұл іске таныс-достарымды тартып, келісуге үш айдай кетті. Сосын ақырындап аударма жұмыстарына, монтаж жұмыстарына кірістім, — дейді Сержан.
Ол бастапқыға бірден өте танымал әрі күрделі жұмыс алғысы келмеген. Істі қарапайымынан бастаған жөн деп шешкен.
Ең бірінші жобамыз корей дорамасы болды. Студияны ашқандағы идеям, мақсатым қазақша контентті дамыту болған соң, бірден күрделі аудармаға қол салғым келмеді. Ақырын, бірақ анық қадам жасап, жеңілдеу контентті алып көрейін дедім. Сондықтан аса бас қатырмай, қолда бар ресурспен бастап кеттім. Ешқандай кәсіби, сапалы микрофонымыз да болмады. Кәдімгі телефонның диктофонына жазып алдық, — дейді ол.
Сержан аяққа тұрып алған соң жобаға танымал адамдарды тарта бастаған. Олардың бәрі тегін, ерікті болып жұмыс істейді.
Қазір туындыларды артистер Дәурен Серғазин, Әбунасыр Серіков, Айжұлдыз Адайбекова, Рүстем Жаныаманов, тележүргізуші Дина Төлепберген, әнші Еңлік Құрарбек сияқты танымал адамдар дыбыстап жүр. Бәрі ағалық, әпкелік қолдау білдірді. Сол үшін бұл кісілерге алғыс айтамын. Бұл тек бастамасы, келесі жобаларда көптеген танымал адаммен байланысу ойда бар. Қазіргі таңда дубляж сапасы жағынан орыс дубляжынан кем түспейтін екі мультфильм дыбыстап қойдық. Бұл — “Өрмекші Адам: ғаламдар арасында” және “Өрмекші Адам: ғаламдар торы” туындылары, — дейді Сержан.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Orda студиясының қазақша дыбыстаған туындыларын студияның Telegram арнасынан тамашалауға болады. Сержан тағы көп туындыны дубляждауға болады-ақ дейді. Бірақ мәселенің бәрі қаржыға келіп тіреледі.
Шынын айтқанда, дубляж жасау кез келген жерде үлкен рөл ойнайды. Жоғарыда айтқанымдай, өте сапалы әлемдік туындыларды қазақ балалары не орысша көріп жүр, болмаса тіпті көре алмай қалып жатыр. Меніңше, бүлдіршіндерге қазақ тіліне деген махабатты бойына сіңіріп өсуі үшін сапалы контентті қазақша ұсынуымыз керек. Өкінішке қарай, қазіргі таңда елдегі дубляждың жағдайы тым нашар деуге болады. Себебі қазақ дубляжына сұраныс мүлдем жоқ. Бізде жылына көп дегенде 10 фильм дыбысталады. Ал көрші Ресейді алсақ, мысалы, онда ай сайын 10 фильм дыбысталады. Неге? Себебі сұраныс бар. Сол үшін халық талап етуі керек. Шығармашылық топ күресіп жүріп, прокатқа қазақша дубляжды ұсынғанда, соған жаппай барып, қолдауы қажет. Сонда қаржы да бөлінеді, — дейді ол.
Orda әуесқой әрі ерікті жоба болған соң оны ешкім қаржыландырмайды. Сержан мұндай жобаларға мемлекет те аса қызығушылық танытпайды дейді.
Қазіргі басты қиындық — қаржы және аппаратураның жоқ екені. Бір дубляжды жасау үшін апталап студия жалдаймыз, ол студияларды жалдау ақысы сағатына — 10.000 теңге. Сонда бір аптаның өзіне біршама сома шығады. Бізді ешкім қаржыландырмайды. Топта әзірге аудармашы, editor және SMM маманымыз бар. Ал монтаж, режиссура, дыбыс режиссурасы сияқты қызметтерді өз мойныма алдым. Ақы алмайтынымызды былай қойғанда, барлық шығынды да жабылып төлеп келеміз. Кейде көрермендер де қолдап, donat жібереді. Жалпы бәріміз қазақша балалар контентіне жаншырлықпен іске кіріскен адамбыз ғой, — дейді Сержан.
Сержан мұндай жобаларды ерікті болып жасау қиын екенін айтады. Оның істі осылай бастап, аяқтай алмай қалған достары да болған.
Қашанғы ерікті болып жүре бересің? Қаражат бөлінбеген соң, басы дыбысталып, соңы аяқсыз қалған жобалар да болды ғой. Болмаса, ондайда мемлекет фильмнің соңғы бөлімін дыбыстаумен аяқтай салады, — дейді ол.
Қазір шығармашылық топ қаржылай қолдау тапса, көлемді трилогияның дубляжына кірісіп кетуді жоспарлап отыр.
Біз “Құмбелді” қазақшалап көреременге ұсынғымыз келеді. Бұл жоба қазақ дубляжына жаңа дем сыйлайтынына сенімдіміз. Мұндай туындыны қазақ көрерменіне ұсынбай қоюға болмайды, — дейді ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram