Әлеуметтік-саяси мәселені тек саясаткерлер, саясатқа қатысы бар адамдар емес, ақын-жазушылар да талқылап, мәселені көтере алады. Baribar.kz кейінгі жылы елде болған маңызды оқиғаларды өлең-жыр арқылы қозғаған ақындардың шығармашылығын шолып шықты.

Салтанат Нүкенованың өлімі

2023 жылғы 9 қарашада бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы аса қатігездікпен соққыға жығып, өлтірді. Экс-министр қылмысы үшін 24 жылға сотталды. Сот процесі алты айдан астам уақытқа созылды. Қазақстан азаматтары үшін бұл елдегі маңызды оқиғалардың бірі болды. Олар сот процесін онлайн бақылап отырды, елде тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты заңның қабылданғанын талап етті. Әншілер мен музыканттар Салтанатқа ән арнады. Ал жас ақындардың бірі Ердәулет Нәлібек осы жағдайдан кейін тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы  өлең шығарды:

@erdaulet_nalibek

#бишембаев #рекомендация #рек #поэзия #fypシ #өлең #олен #бишимбаев #салтанатнукенова #пожизни #пожизненно #засалтанат

♬ оригинальный звук — Нәлібек Ердәулет

Әй, қазағым, кеттіңдер ғой майдаланып,

Бір-біріңді ақша үшін пайдаланып.

Қазақпыз деп әлемге жар саласың,

Қазақтықты сақтамай қайда қалдық?

Ата-бабам қыз балдарды қорламаған,

Жас жеткіншек аруларды зорламаған.

Ал қазіргі майдаланған еркектерің,

Білесің бе, қазағым, сорлы адам.

Қалай мына аямайды аманатын,

Сыйламай ма тым болмаса әйел затын?!

Бишімбаев Қуандықтай мақұлықтар,

Қазақтың шығарады жаман атын.

Жанар Оңғарбай деген азамат та бұл тақырыпты маңызды санап, өлең жолын шығарды.

Тиранға көңлің толар ма?

Адамбыз дейді олар да!

Ұрған соң дені сау адам,

Көріпкеліне соғар ма?

Әйел тек бақыт сұрады,

Сөнбей бір үміт шырағы.

Қабанбайлардың ұрпағы,

Қабандай болып ұрады.

Болса да анық жан қайғы,

Өзгереді деп алдайды.

Қуандықтардың барлығы

Қуаныш сыйлай алмайды.

Жасырма әйел жасыңды,

Қауіпке тікпе басыңда.

Сипалағанда уыстап

Жұлып алмасын шашыңды.

Шыдасаң, бір күні соласың,

Өзіңді-өзің соғасың.

Өлсең де «унитазбенен»

Өзің кінәлі боласың.

Салтанат Нүкенованың өлімі тек Қазақстанның емес, дүниежүзіндегі бірқатар ел қоғамын дүрліктірді. Шетелде де азаматтар Салтанаттың өліміне кінәлілердің жазаланғанын талап етіп, бейбіт митиңге шықты. Ал ресейлік әнші Максим Фадеев «Салта» деген ән арнады.

«Мен жай ғана оның осы әнде өмір сүргенін, оған ешкім тиісе алмағанын қалаймын», — деді Максим Фадеев.

Тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесі

Кейінгі кезде Қазақстанда тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесі бұрынғыдан да жиі айтылып жүр. Азаматтар қоғамға бұл проблеманың маңызын түрлі тәсіл бойынша көрсетті. Бірі үйдегі агрессорларды қатаң жазалайтын заңды талап етіп митиңге шықты, бірі тұрмыстағы зорлық-зомбылық құрбандарына арналған орталық ашты. Ал айтыскерлер Сырым Әуезхан мен Жандарбек Бұлғақов талантын қолданып, осы тақырып жөнінде контент түсірді. Олар әртүрлі мәселе туралы өлең шығарып, оны қазақстандық әншілердің репертуарындағы танымал музыка әуенімен орындап жүр. Айтыскерлердің тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа арналған жыры көпшілікке кеңінен таралды.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от ЖАНСЫРЫМНЫҢ ЖАНСЫРЫ (@jansyrym_resmi)

Қалай бұл, қалай бұл,

Көп үйде қатігез ағай жүр.

Күйеуі ұрғанға,

Көніп жүр қанша әйел талай жыл.

О маймыл, о маймыл!

Маймылдар жер басып қалай жүр.

Тағдыры жауызға тап болып,

Тапталды ғой талай гүл.

Әйелді адам санамайды,

Ессіздер жанын жаралайды.

Дені сау адам сабамайды,

Үйдегі аруды.

Сүйген жар жау болмайды,

Тирандар жар болмайды.

Әйелдер армандайды

Тыныштық табуды.

Шын еркек ел қорғайды,

Әйелі қор болмайды,

Жарына қолданбайды

Жауға атар қаруды.

Алақаннан ұшқан аққуым,

Барасың ұзап шалғайға

Өмірің қор болып қалмай ма?

Тағдырың талқан болмай ма?

Қол жұмсап көз бен маңдайға,

Сүйгенің жақтан салмай ма?

Алақанмен ұрған ақ құсым,

Таяқтың жедің қаттысын.

Тәніңе тиген әр соққы

Жаныма менің батты шын.

Жақсыда жаттық бола ма?

Жаманға көңілің бола ма?

Ақ келін болып аттандың,

Ақ кебінменен оралма.

Алматыдағы жер сілкінісі

2024 жылғы 23 қаңтарда және 4 наурызда Алматыда жер сілкінді. Тұрғындар қапелімде қайтерін білмей қалды. Есін жиған соң жер сілкінгенде жиылуға деп белгіленген қауіпсіз орындарға барды. Тағы да жер сілкінуі мүмкін деп қорқып, таңға дейін сол орындардан қайтпай отырды. Журналистерге пікір айтқан тұрғындар «қауіпсіздігімізге кепіл жоқ екен» деді.

Ақындар осы табиғи апатты да шығармашылығына арқау еткен. Мысалы, Серікбай Оспановтың «Алматыда жер сілкінді» деген өлеңі бар.

Бейқaм жүрген дір еткізіп жүректі,

Aлмaтыда Жер бір сәтке дір етті.

Ұмытқaндар тәубесіне келді де,

Әр нәрседен іздеді әркім тіректі.

Миықтардан күлкі лезде жоғалды,

Aлтын-бесік — Жер қорқыныш боп алды.

Қайтсем тірі қaлaм деген кісілер

Төмен түсті қабаттардан жоғaрғы.

Тірліктің бұл минут екен бар нарқы,

Сілкінудің осы болғaй алды-арты!

Сaуғa, сaуға!

Тaбиғaт, бұл неткенің,

Aпaттaрдан аман тұрсын Алмaты!

Дір-дір етті қaбырғaлар – тас қaлың,

Сaн құбылтты сәт осынау қaс қағым.

Біреулер жүр не болaр деп сәбиім,

Біреулер жүр ойлап жaлғыз бaс қамын.

Дір-дір етті дегендей жер:

«Тыныштал!»

Алып қала жүк пе оған бір мысқал?!

Біреу дереу сервантына жүгірді:

«Ойбай, сынып қалмасын, –

деп, – хрусталь!»

Дір етті Жер,

Діріл қайта жалғасты,

Өмір менен өлім бір сәт арбасты.

Реніште сырттан жәрдем іздейтін

Кейбір жеңгей телефонға жармасты.

Мына қала не сұмдықты көрмеген,

Сақта, тағдыр, кейбір надан пендеден?!

Жүрегіміз бір дір етіп басылды,

Қозғалардай шошыды екен Жер неден?!

Қорқыныштан кейбіреулер жылап ап,

Қайда қашар?!

Жан-жағына тұр қарап.

Кімнің қандай екендігін білді де,

Жер тыншыды елдің бәрін сынап ап!

Елдегі су тасқыны

Қазақстанның бірнеше өңірін су басып, қарапайым халық баспанасыз қалдық. Үй, төрт-түлік мал су астына кетті. Осы уақытта мемлекет пен ірі компаниялар басқа барша қазақстандық азамат та қаржылай көмек аударды. Оған қоса ақындар мораль тұрғысынан қолдау үшін өлең-жырларын арнады. Мәселен, мына бір өлеңді Павлодар облысы Красная полясының тумасы, ақын Ербол Смағұлов шығарған.

Ауылдарды еріген қар, топан су басты,
Бұны күтпеген Үкімет әбден састы.
Мал-мүліктен айырылған баспанадан,
Халықтың берекесі, құты қашты.

Жыл сайын болатын бұл құбылысты,
Біле тұра бастамаған құрылысты.
Дамбаларды салса қорған болар еді,
Жауаптылар тек қана катаң сөгіс құшты.

Елтаңбадан басқа бізде мәселе жоқ қой,
Жағдайымыз жақсы, қарнымыз тоқ қой.
Деп ойлап жүрген кейбір шенеуліктер,
Ұйқыдан оянып аң-таң болып, шок қой.

Түсінерсіз әрбір сөздің астарын,
Әкімдердің тік тұрғызып шаштарын,
Айқайлаудан басқа бізде амал жоқ,
Көргеннең соң салбыраған бастарын.

Халықтың шығыны өтелсе де толығымен,
Өтелмес жан-жарасы көзбен көрген.
Апат айтып келмейді дегенмен де,
Алдын алу шарасын ескермеген.

Кінәлілер нық жауапқа тартыла ма?!
Салғырттығы құр айқаймен басыла ма?!
Әділетті заң алдында жауап беріп,
Жария боп ащы шындық ашыла ма?!

Құтқарушылар және батыр жігіттерге,
Алла разы болсын жасалған игі істерге.
Жағдайларын жақсартуға жоспар бар ма?!
Сұрақтар көп Төтенше жағдай министрге.

Жаңа адамдар өзгеріс әкеледі дейді…
Әкелсе де пайдасын ел еш көрмейді.
Қосылғыштың орындары ауысқанмен,
Үкіметтің қосындысы өзгермейді.

Орынды емес жүйені өзгерткен дұрыс болар,
Сонда ғана елге бақ құсы келіп қонар.
Жемқорлыққа балта шабар кез келді ғой,
Әйтпесе таусылмас ұры қазынаны тонар…

Елім аман, жұртым тыныш болса деймін,
Әділетті заң орнасын деп тілеймін.
Алла жар боп қорған болғай баршамызға,
Ей, адамдар, тарылмасын кең пейілің.

Айтыскерлер Сырым Әуезхан мен Жандарбек Бұлғақов та су тасқыны мәселесін өлеңі арқылы көтерді.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от ЖАНСЫРЫМНЫҢ ЖАНСЫРЫ (@jansyrym_resmi)

Уәде етеді әкімдер тайып беріп,

Қуантпады боти мен қайық беріп.

Суым сыймай барады дамбасына,

Қосылғанда Ілеге Жайық келіп.

Ауылым-ай,

басылмады өрт пен су, дауылың-ай!

Деуші еді ғой МЧС бәрі жақсы,

Жатамыз ба тағы крышада бір ай.

Қорқып тұрам орнымнан, қорқып жатып,

Келіп қалды топан су толқындатып.

Кредитке салынған баспанамның,

Фундаментін соғады солқылдатып.

Тәңірім-ай,

шатырда отыр-ау қаншама бауырым-ай!

Деуші еді ғой жалғыздың жары — Құдай,

Көп болса екен көретін жарығы-ай!