Шегіртке басқан 2,5 миллион гектар аймақтың бүгінгі күнге дейін 1,3 миллион гектардан астамы өңделді.
Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
2 500-ден астам адам жұмылдырылды, 427 арнайы бүріккіш техника пайдаланылды.
Түркістан облысында марокко шегірткесіне қарсы 348 мың гектарға жуық аумақ өңделді. Өңдеу шаралары аяқталды, — деп жазылған хабарламада.
Жағдай тұрақты, бірақ шегірткелердің таралу қаупін жою және жаңа ошақтарды анықтау мақсатында мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық және аудандық аумақтық инспекцияларының мамандары Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының инспекторларымен бірлесіп жағдайды бақылауда.
Қостанай облысында итальяндық шегіртке мен азиялық шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жалғасып жатыр, 184 мың гектар алқап өңделді. 130 қызметкер жұмылдырылды. 55 техника бірлігі пайдаланылады.
Ақтөбе облысының 12 ауданында итальяндық шегіртке мен азиялық шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 432 мың гектарға жуық немесе жоспарланған көлемнің 55 пайызына жүргізілді. 74 техника бірлігі пайдаланылады. Шегірткелердің инкубациялық жерлерін зерттеуге және анықтауға 600-ге жуық адам жұмылдырылды. Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында 350 мың гектар алқап өңделді, — делінген хабарламада.
Өңделетін аумақтар анықталған жағдайда Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында химиялық өңдеу жұмыстары басталады.
Сонымен қатар шекаралас аймақтардан шегірткенің қоныс аудару қаупі бар.