2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылардың саны 162,6 мың адам болды.
Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл ретте биыл 110,3 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалды. Төлемдердің жалпы сомасы 31,8 миллиард теңге болды.
Қолданыстағы заңнама бойынша, жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем жоғалған кірістің 45%-іне дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады, — делінген хабарламада.
Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған жұмыскерге:
- eGov.kz порталында авторизациялану;
- «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;
- онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет;
- бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі мансап орталығы (бұдан әрі – МО) бос жұмыс орындарын ұсынады;
- егер жұмыс табылмаса, үш жұмыс күні ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда сізге МО қызметкері қосымша ақпарат жинау үшін хабарласады).
Бұл қызметті онлайн режимінде электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады. Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде Еңбекминінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тен төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобайл телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.
Еске салайық, МӘСҚ қаражаты есебінен жұмыстан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және жұмыссыз адамды ол жұмыс іздеген кезеңде қолдауға арналған.