Басты бетЖаңалықтарАлматыда заңсыз...

Алматыда заңсыз салынған екі ғимарат бұзылады

Алматыда сот шешіміне сәйкес заңсыз салынған 2 ірі ғимарат бұзылады. Бұл туралы Қала құрылысын бақылау басқармасының басшысы Данияр Қырықбаев өзінің Facebook-парақшасына жариялады.

2005 жылы Достық даңғылы 170/1 мекенжайында ғимарат құрылысы басталды. Бүгінге дейін оның қаңқасы ғана тұрды.

Сонымен қатар Абай даңғылындағы көпқабатты үй де қаңырап тұр. Әкімдік сотқа жүгініп, бұл ғимараттарды бұзуға рұқсат алды.

2023 жылғы 2 мамырда заңсыз салынған сауда орталықтарын бұзу туралы шешім қабылданған болатын. Нәтижесінде қала бойынша 36 заңсыз нысан бұзылды. Оның ішінде бизнес-орталықтар, мейрамханалар мен автосервистер, «Мечта» және KHAN сияқты ірі тұрғын үй кешендері болды, – деді Алматы қаласы қала құрылысын бақылау басқармасының басшысы Данияр Қырықбаев.

Сонымен қатар Алматы әкімдігі «Қазақстан» қонақ үйі иесін субұрқақтың жартысын рұқсатсыз бассейнге айналдырғаны үшін сотқа берді.

ҚР заңнамасы бойынша, қаланың тарихи ғимараттарын және орындарын өзгертуге болмайды. Тек реставрация жүргізіп қалпына келтіруге, жаңартуға болады. Ал «Қазақстан» қонақ үйі субұрқақтың жартысына бассейн салдырып, айналасын бұталармен қоршап, көлегейлеп қойған.