Қазақстанда шегірткенің таралуына тосқауыл қою бағытында дрондар пайдаланылады. Бұл туралы вице-премьер Серік Жұманғарин айтты.
Келесі жылы шегірткенің таралу аумағы елімізде азаяды деп үміттенемін, яғни, енді 2,5 миллион гектар емес, одан да аз болады. Осыған күш салып жатырмыз, — деді Серік Жұманғарин сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Премьер-министрдің орынбасары аталған зиянкестермен тиімді күресу мәселесіне тоқталды.
Тиісті жабдықтарды сатып аламыз, яғни, келесі жылдың бюджетінде 100-ге жуық дрон ескеріледі. Осы техниканың жердегі шегірткені анықтайтын арнайы бағдарламасы болады. Осы арқылы зиянкестерді нақты анықтап, оларды жоюға бағытталады. Бұл дронның Ақтөбе облысындағы жұмысы көрсетілген еді. Содан дронның тиімді жұмысын байқауға болады, — деді Серік Жұманғарин.