Атырау облысының Құлсары қаласындағы су тасқынынан зардап шеккен 1931 тұрғынның есепшотына өтемақы түскен.
Бұл туралы Атырау облысы жедел штабы хабарлады.
Штабтың мәліметінше, Құлсары қаласында 2 500-ден астам тұрғын баспанасын қалпына келтіру үшін өтемақы алу туралы келісімшартқа қол қойған.
Қазір 1 931 тұрғынның жеке шотына ақша аударылды. Оның ішінде 996 адам тұрғын үй сатып алу үшін, 935 тұрғын баспанасына жөндеу жүргізу үшін қаржы алды, — делінген хабарламада.
Қазір Құлсарыда тасқын судан зардап шеккендерге арналған 100 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Әр үйдің ауданы – 100 шаршы метр. Тұрғын үйлерді салуға жергілікті үш компания тартылған.