Басты бетЖаңалықтар"Әл-Жәбірдің атасы"...

«Әл-Жәбірдің атасы» журналы өзбек тілінде жарық көрді

Қазақстанда шығатын математика бағытындағы «Әл-Жәбрдің атасы» журналының өзбек тіліндегі нұсқасы жарыққа шықты.

Басылымның бастауында ҚР Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, академик Асқар Жұмаділдаев тұр. Ғылыми-танымдық журнал жарты жылдан бері қазақ тілінде тұрақты шығып тұрады. Әр нөмірі литий, ғарыш, робот секілді маңызды ғылыми тақырыптарға арналды.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тарихи тығыз байланыстың негізінде бірлескен ғылыми бастамалар көбейіп келеді. Өткен жылы екі елдің ғылым академиялары арасында қол қойылған өзара ынтымақтастық туралы меморандум ғылыми байланысты тереңдетуге және жаңа зерттеулерді жүзеге ықпал етті.

Осы бастама аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы мен Өзбекстан Ғылым академиясы, қазақстандық Qalan компаниясының қолдауымен «Al-Jabrning Otasi» ғылыми-танымдық журналын (қазақша «Әл-Жәбрдің атасы») шығарды. Басылымның Ташкентте өткен таныстырылымына Өзбекстан Ғылым академиясының өкілдері, ғылыми қауымдастық, мұғалімдер, білім саласында стартап өкілдері қатысты. Ғылымсүйер оқырман журналға жоғары баға беріп, шығармашылық топқа алғысын білдірді.

Асқар Жұмаділдаев, "Әл-Жәбірдің атасы" журналы
Фото: «Әл-Жәбірдің атасы» журналы

«Әл-Жәбр» дегініміз — алгебра, ал оның негізін қалаған Әл-Хорезми 1200 жылдай бұрын Арал теңізі маңында өмір сүрген. Ғұламаның математика ғылымына енгізген алгебра, алгоритм секілді терминдері бүгінгі таңда кеңінен қолданылып жүр.   Ғалымды тұтас Орталық Азия халықтары мақтан тұтады.

АСҚАР ЖҰМАДІЛДАЕВ ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ

Біздің мақсат – ұлы аталарымыздың жолын жалғастыру. Кезінде бүкіл әлемнің дамуына ғаламат үлес қосқан Орталық Азиядан шыққан екі адам болса, соның бірі — Әл-Хорезми. Ол ғұламадан мына екі сөзі қалды: алгебра және алгоритм. Қарапайым телефон,теледидар және техниканың өзге де түрлері әуелі алгоритмнен құралады. Менің байқауымша, өзбек жастары, қазақ жастары арасында үлкен ұқсастық бар. Оқу, білім, ғылым жүйесі және мінез-құлық. Біздегі проблема бұларда да бар, бұлардағы проблема бізде де бар. Сол себепті «Әл-Жәбрдің атасына» қызығушылық үлкен екенін байқадық.

 Басылым негізінен балалар мен жалпы ғылымсүйер оқырманға арналған. Орта және жоғары сынып оқушыларының тапсырмасы «Тай жарысы», «Құнан жарысы» деген атаумен берілген. Журналдың шығуына қазақстандық Qalan Edtech-компаниясы қолдау көрсеткен. Бұл мекеме Қазақстан мен Өзбекстанда кең қолданылып жүрген математиканы онлайн оқыту платформасын жасап шығарған. Бүгінде жобаның Қазақстан, Ресей және Өзбекстанда 600 мыңнан астам қолданушысы бар. Ал Өзбекстанда 2023 жылдың қыркүйегінен бері жұмыс істеп тұр. Қазір жоба екі елге тиімді білім-ғылым саласындағы ынтымақтастықты қалыптастырып келеді.

АСҚАР БОЛАТ, QALAN ЖОБАСЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫЛАРДЫҢ БІРІ

Өзбектанда онлайн білім беру саласы жақсы дамып жатыр. Халық баласының білімі үшін инвестиция құюға дайын, демек ол нарық перспективасы бар деген сөз. Біз Qalan платформасын осы нарыққа сай бейімдедік. Барлық тапсырмалар мен видеосабақтарды өзбек тіліне аудардық, жергілікті мектеп бағдарламасының талабы бойынша жүйені ыңғайластырдық. Бұл елде жергілікті нарықтың көшбасшысы атануға ұмтылып жатырмыз. Біздің ғаламдық мақсатымыз — Шығыстағы ғылым мен білімнің қайта жаңғыруына елеулі үлес қосу. Журналдың өзбек тілінде шығуы осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі. Біз бұл журналдың озық идеялар мен жетістіктерді насихаттайтын алаңға айналып, ғалымдардың жаңа буынын шабыттандырады деген үміттеміз.

Екі елдің ғылыми қауымдастығы өзбек тіліндегі журналды оқитын жастардың қатары көп боларына сенімді. Сонымен қатар, екі ел арасындағы ғылыми байланысты дамытып, ғылым мен білімнің дамуына үлес қосады деген үмітте.