Еліміздегі корейлік BNK Finance Kazakhstan микроқаржы ұйымын банкке айналдыруды қолдаймын.
Бұл туралы Ақордада Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёльмен келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
Бүгін банктік қадағалау саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Жаңа құжат арқылы инвестициялар қауіпсіздігін бақылаудың тәртібі реттелмек. Елімізде корейлік BNK Finance Kazakhstan микроқаржы ұйымы бар. Мен оны екінші деңгейдегі банкке айналдыру туралы шешімді қолдаймын, — деді мемлекет басшысы.
Президент екі ел арасындағы ғылым және білім саласындағы ынтымақтастық та ұдайы нығайтылып келе жатқанын айтты.
Қазіргі таңда Кореяның жоғары оқу орындарында мыңнан астам қазақ жастары білім алып жатыр. Өздеріңізге мәлім, Қазақстан техникалық мамандар даярлау мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Бұған кореялық әріптестеріміз қолдау көрсетіп отыр. Елдеріміз ғылым және технология саласындағы ынтымақтастықты дамыта түсуге келісті. Осыған орай Түркістанда Кореяның Woosong университетінің филиалы ашу мәселесі пысықталады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мәдени-гуманитарлық байланысты күшейтуге де баса назар аударылғанын айтты.
Қазақстанда тұрып жатқан корей диаспорасының өз тілін сақтап, дамытуына қолдау көрсетіледі. Осы мақсатпен екі ел аумағында тұрақты түрде мәдени шаралар өткізуге уағдаластық. Қазіргі таңда Қазақстан азаматтары Кореяға 30 күнге дейін визасыз бара алады. Таяу арада Астана-Сеул бағытында тікелей рейс ашылады. Әуе рейстерінің ұлғаюы екі ел арасындағы байланысты нығайта түсетіндігі сөзсіз, — деді мемлекет басшысы.