ҚР үкіметі Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында жылу желілерін салуға 9 миллиард теңге бөлді. Бұл туралы үкіметтің ресми сайты хабарлады.
Бұл қалалардағы желілердің орташа тозу көрсеткіші 59-90% аралығында.
Мемлекет басшысының тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды кешенді жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында жылу желілерін салуға және реконструкциялауға үкімет резервінен 9 миллиард теңге бөлу туралы қаулыға қол қойды.
Осылайша, Павлодарда (3,6 млрд теңге) ұзындығы 2,5 шақырым болатын ТМ-13 жылу магистралі салынады. Бұл 41,5 мың адам тұратын Павлов – Шевченко – Катаев көшелері орналасқан аудандағы көппәтерлі тұрғын үйлерді тұрақты жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Екібастұзда жалпы ұзындығы шамамен төрт шақырым (3,6 млрд теңге) болатын ТМ-1 және ТМ-3 жылу магистральдарының учаскелері реконструкцияланады. Осы жұмыстың арқасында жаңа тұрғын үйлерді, әлеуметтік мекемелерді, шағын және орта бизнес нысандарын қосу көзделген. Бұл 2 мыңнан астам адамды қамтиды.
Қалған 1,8 миллиард теңге Ақсудағы №3,5 және 8 ықшам аудандарда орналасқан, ұзындығы 4,3 шақырым болатын орамішілік жылу желілерін қайта жаңартуға аударылады. Кейінгі екі жылда аталған учаскелерде 40-тан астам ақау тіркелген. Реконструкция жұмысы 1,5 мыңнан астам жергілікті тұрғынды сапалы жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Павлодар облысы әкімдігінің мәліметінше, бүгінгі таңда Павлодарда жылумен жабдықтау желілерінің ұзындығы 828,1 км (орташа тозу – 82,8%), Екібастұзда – 422,5 км (90,7%), Ақсуда – 99,1 км (59%). Техникалық тексеру нәтижелері бойынша шұғыл жұмыстар жүргізілуге тиіс, тозу деңгейі аса жоғары төрт учаске анықталды.
Еске салайық, ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов бұған дейін Екібастұз ЖЭО-сын одан әрі жаңғыртуға: қазандық агрегаттарын күрделі жөндеуге және тұндырылған су магистралін салуға резервтен 3,4 миллиард теңге бөлу туралы үкімет қаулысына қол қойған болатын.
Сонымен қатар алдағы жылыту маусымына дайындық аясында Кентау, Риддер және Қызылорда жылу көздерін жаңғыртуға 16 миллиард теңге, Риддер жылу желілерін күрделі жөндеуге 2,4 миллиард теңгеден астам қаражат және Көкшетау қазандықтарын жөндеуге 816 миллион теңге аударылған болатын.
Жылу көздерін, ТКШ инфрақұрылымын жаңғырту және жылыту маусымына дайындық процесі ҚР үкіметінің бақылауында.