Биыл Атырау облысына 108 этникалық қазақ көшіп келді

Атырау облысына бес айда шетелден 108 этникалық қазақ көшіп келді. Қандастардың дені бұрын Өзбекстан Республикасында тұрған.

Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, 1 маусымға дейін алты елден атамекенге оралғандардың бәрі қандас мәртебесін алған.

Атырау облысына биылғы бес айда шет елдерден 89 отбасы көшіп келді. Бұл отбасылардың бәрі, яғни, 108 адам этникалық қазақ. Қазақстан Республикасына тұрақты тұру мақсатында келген этникалық қазақтар қандас статусын алды. Қандастардың дені – 86 мүшесі бар 71 Өзбекстан Республикасынан қоныс аударды. Ал Ресей Федерациясынан тоғыз отбасы (10 адам), Қытай Халық Республикасынан алты отбасы (тоғыз адам), Украинадан, Тәжікстан мен Түрікменстан Республикасынан үш отбасы (үш адам) оралды, — делінген хабарламада.

Қандастардың арасынан 78 отбасы Атырау қаласында тұрақтап қалуды жөн көрген. Бұл отбасыларда 97 адам бар. Ал төрт отбасы (төрт адам) Жылыой ауданын, бір отбасы (бір адам) Махамбет ауданын таңдапты. Сонымен қатар Мақат екі отбасы (екі адам), Құрманғазыға екі отбасы (екі адам) және Индер ауданын екі отбасы (екі адам) көшіп барған.

Қазір Атырау облысында қандастарды уақытша орналастыру орталығы жұмыс істейді. Бірақ, бұл орталықта уақытша тұратын этникалық қазақтар тіркелмеген. Ал тұрғын үй кезегінде 43 қандас тіркеуде тұр. Мансап орталықтарында 14 қандас жұмыссыз ретінде тіркеуге алынды. Әлеуметтік жұмыс орнына бір, қоғамдық жұмысқа бір адам тартылды, — делінген хабарламада.