Түркістан облысында шегіртке тараған 260 мың гектар жер өңделді. Өңірде тағы 50 мың гектардан астам таралу учаскелері анықталды. Тағы екі облысты шегіртке басқан. Бұл туралы премьер-министрдің сайты хабарлап отыр.
Түркістан облысындағы Арыс қаласында, Сарыағаш, Келес, Ордабасы және Шардара аудандарындағы учаскелер қосымша өңделеді.
Түркістан облысы әкімдігінің ақпаратына қарағанда, учаскелер 70 жерүсті техникасы арқылы өңделіп жатыр, оған тағы төрт ұшақ қосылды. Қазіргі уақытта барлық қажет техника көкөніс-бақша дақылдары алқаптарының айналасында шоғырланған. Егістікке зиян келген жоқ.
Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында да шегіртке дернәсілі көбейе бастаған. Өңдеуге арналған техника дайын. 76 техниканы пайдалана отырып, өңірдің 12 ауданында 281 мың гектар жерге химиялық өңдеу жүргізілген. Шегірткенің пайда болу орындарын тексеріп, анықтауға 600-ге жуық адам тартылған. Олар — фитосанитариялық инспекция, әкімдік қызметкерлері және уақытша қызметкерлер. Шегірткенің белсенді өсу кезеңінде жұмысты күшейту үшін әкімдікке тағы 14 техника қажет.
Қостанай облысының бес ауданында да 29,4 мың гектар аумаққа химиялық өңдеу жүргізілді. Дернәсілдердің көбею орындарына мониториң жасау және анықтау үшін 129 тексеруші және 326 уақытша қызметкер тартылды. 72 техника әзір тұр. Шегірткеге қарсы күрес жұмыстары фермерлермен бірлесіп жүріп жатыр.
Біз биылғыдай шегірткенің таралу аймағын бұрын-соңды көрмедік. Оның таралуының ықтимал салдарын жете бағаламаймыз. АШМ Мемлекеттік инспекция комитетіне барлық рәсімдік мәселені дереу аяқтауды және барлық қажет техниканы аталған өңірлерге жіберуді тапсырамын. Қарбалас уақытта штаб отырысын аптасына екі рет өткіземіз, — деді шегірткенің таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі орталық жедел штаб отырысында вице-премьер Серік Жұманғарин.