Еліміздің бірқатар өңірінде тасқын судан қырылған мал шығындары толықтай өтелді. Бұл туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин мәлімдеді.
Жыл басы мал иелері үшін ауыр болды, қалың қар, толассыз жауын, тасқын су. Су тасқыны басталған сәттен бастап министрлік жедел түрде шаралар қабылдады. Атап айтқанда, су тасқынына қарсы іс-шараларды ұйымдастыру және салдарын жою туралы республикалық штаб 2024 жылғы 7 сәуірде тасқын суға кеткен мал шығындарын өтеудің алгоритмін бекітті. Алгоритм жергілікті атқарушы органдарға уақытылы жеткізілді. Одан бөлек, министрлік ауыл шаруашылығы саласындағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан жеке және заңды тұлғаларға келтірілген залалды өтеу қағидаларын әзірледі, — деді Аманғали Бердалин орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Аталған алгоритм мен қағидаттарға шығынды бюджеттен және бюджеттен тыс қаражат есебінен өтеу көзделген.
Су тасқыны кезінде 140 мыңға жуық мал қауіпсіз жерге көшірілді. Бүгінде жергілікті атқарушы органдардың жедел деректері бойынша республикада 12 450 мал қырылған, барлық өлексе жойылды, залал 100% өтелді, — дейді ол.