Атырау облысында Жайық өзеніндегі су тасқыны шарықтау шегінен өтті. Бұл туралы облыстық ТЖД хабарлады.
Атырау облыстық ТЖД басшысының орынбасары Руслан Шариевтің айтуынша, Индер және Махамбет ауданында, сонымен қатар Атырау қаласында Жайық өзеніндегі су деңгейі төмендеп келеді.
Атырау облысында су тасқыны шарықтау шегіне жетті. Қазір Жайық өзеніндегі су деңгейі төмендей бастады. Индер, Махамбет аудандарында және Атырау қаласында Жайық өзеніндегі су деңгейін күнделікті бақылап отырмыз. Жайықтан тасыған су жыраларға жайылып, көп аумақты су басты. Бұдан шаруа қожалықтарына қауіп төнді, — деді Руслан Шариев.
Оның айтуына қарағанда, шаруа қожалықтарының иелерінен жедел желіге түскен барлық қоңырауға байланысты көмек берілген. Су басқан аумақта қалған малды эвакуациялау жүргізіліп жатыр.
Қазір облыстық және республикалық маңызы бар тасжолдарды су басу дерегі тіркеліп отыр. Су деңгейі төмендегеннен кейін жолдарды қалпына келтіру жұмысы жүргізіледі. Әзірге судың қауіпсіздігі туралы айтуға ертерек. Инфрақұрылым нысандары толықтай қалпына келтіріліп, барлық жұмыс аяқталғаннан кейін ғана судың қауіпсіздігі туралы айтуға болады, — деді Руслан Шариев.