Басты бетЖаңалықтарЖайық өзенінің...

Жайық өзенінің деңгейі төмендей бастады

Жайық өзенінің деңгейі Атырау тұсында да төмендей бастады. Бұл туралы облыстың жедел штабы хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, Жайық өзенінің деңгейі Индер мен Махамбет ауданында күн сайын төмендеп жатыр.

Бүгін, 3 маусымда таңертеңгі сағат 08.00-де Индербор кентіндегі гидробекетте өзен суы 6 сантиметрге төмендеген. Бұл кентте Жайық суының деңгейі 9 метр 29 сантиметр болды. Мұнда қауіпті шек – 845 сантиметр. Демек қауіпті шектен әлі де 84 сантиметрге артық болып тұр, — делінген хабарламада.

Махамбет ауданында да Жайық арнасы бірнеше күн қатарынан төмендеп жатыр. Бүгін су деңгейі 5 сантиметр азайды. Қазір Махамбет ауылының тұсында 10 метр 6 сантиметр болды.

Жайық өзені Атырау аумағында да төмендей бастады. Мұнда бірнеше күн 6 метр деңгейінде сақталып тұрды. Өзен арнасы 1 маусымда кешкі мезгілден бері төмендегені байқалды. Қазір мұнайлы шаһардағы гидробекеттегі су деңгейі – 5 метр 97 сантиметр. Сонымен қатар Жаңаталап және Еркінқала ауылдарында Жайық өзені көтерілген жоқ, — делінген хабарламада.