Түркістан облысында кеурек пен қызыл мияны жұлуға тыйым салынды. Бұл туралы брифиңде облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, былтыр «Өсімдіктер дүниесі туралы» заң қабылданып, күшіне енген.
Түркістан облысы аумағында өсетін емдік қасиеттері бар кеурек пен қызыл мия өсімдіктерін заңсыз теру және шет елдерге шығару фактілері жиіледі. Осы ретте аталған өсімдіктерді пайдалану құқығын шектеу туралы шешім қабылданды, – деді Қайрат Амангелдіұлы.
Нәтижесінде табиғи популяциясы қалпына келу үшін қызыл мияны бес жыл, ал кеуректі сегіз жыл бойы жұлуға тыйым салынды. Енді оларды заңсыз қазғандарға шара қолданылады.
Айта кетейік, Түркістан облысының орман қоры жерлерінде биыл жыл соңына дейін 27 500 гектар жерге 43 149 дана, 2025 жылы 31 610 гектар жерге 52 079 мың дана тал отырғызу жоспарланған.
Сонымен қатар облыстағы 852 елді мекенді көгалдандыру үшін 4 миллионнан астам көшет отырғызу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Спикер 2024 жылы орман қоры жерлерінде өрт қауіпсіздігі қағидасының талаптарын сақтамаған 18 жеке тұлғаға жалпы көлемі 350,7 мың теңге айыппұл салынғандығын айтты.