Премьер-министр Олжас Бектенов Алматы облысына жұмыс сапары аясында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша салынып жатқан Алатау қаласындағы 900 орындық жаңа мектептің құрылысымен танысты.
Бұл туралы үкімет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
Жыл соңына дейін 3 мың м2 алаңда орналасқан жаңа білім беру нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бүгінде нысанның іргетасы мен монолитті қаңқасын орнату жұмыстары аяқталған. Мектеп қажет инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, құрылыс және білім беру саласындағы соны технологиялармен жабдықталады.
Үкімет басшысы құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде сапалы жүргізудің маңыздылығын баса айтты.
Елімізде 2024-2025 жылдар аралығында ұлттық жоба бойынша барлығы 369 мектеп ашу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Алматы облысында 2024-2025 жылдары 53 жайлы мектеп салынады, — делінген хабарламада.
Биыл 600-ден 1 500 орынға дейінгі сыйымдылығы әр түрлі 26 жайлы мектепті пайдалануға беру жоспарланып жатыр.
Ұлттық жобаның шарттары бойынша, барлық жайлы мектеп оқушылар мен педагогтар үшін жоғары қауіпсіздік шараларын, тиісті инфрақұрылымды және қолайлы жағдайды қамтамасыз ете отырып, бірыңғай стандартқа сай салынады.
Премьер-министр жаңа жобалар әзірлеуді және мемлекеттік сараптамадан өткізуді жеделдетуді және салынып жатқан ғимараттарды пайдалануға беру мерзімінің сақталуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Бұл – президенттің мегажобасы. Оның сапалы әрі уақытында іске асырылуын қатаң бақылауға алу қажет. Жайлы мектептердің құрылысы балаларымыздың сапалы білім алуына барлық жағдай жасауға бағытталған. Үкімет алдында 2025 жылдың соңына қарай 740 мың жаңа оқушы орнымен қамтамасыз ету міндеті тұр. Құрылыс жұмыстарын жоғары қарқынмен жүргізу қажет, — деді Олжас Бектенов.