Қарағанды облысындағы «Qarmet» АҚ объектілерінде ұрлық жасаумен айналысқан бірнеше қылмыстық топ ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Qarmet металлургиялық компаниясының нысандарында ұрлық және оның қызметкерлеріне қатысты басқа да ауыр қылмыстар жасаған бірнеше ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді, — делінген хабарламада.
Биыл Теміртауда үш рет «Қауіпсіз қала» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілді. Оның барысында бұрын жасалған 23 қылмыс ашылды, іздеуде жүрген тоғыз қылмыскер ұсталып, 3,7 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Нәтижесінде 2024 жылы кәсіпорындарда жасалған ұрлық саны шамамен 46%-ке азайды.
Өткен жылдың наурыз айында «Qarmet» АҚ-ның металл өнімдерін ұрлауды жолға қойған 40 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топ және оның көшбасшысы ұсталды. 2023 жылғы тамызда аймақтағы криминогендік жағдайға және компанияның қызметіне теріс әсер еткен ұйымдасқан қылмыстық топ көшбасшысы мен 27 мүшесі құрықталды.
Қылмыстық істерді тергеу нәтижелері бойынша олардың Қарағанды облысының аумағында миллиондаған жымқыру, сонымен қатар ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағаны туралы дәлелдер жиналды. Тергеу аяқталды, – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Былтыр желтоқсанда Қарағанды облысының Абай ауданындағы Qarmet кәсіпорнының шахтерлерін бопсалаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды.
Биыл сәуір айында ІІМ, ҰҚК және мемлекеттік күзет қызметі бас прокуратураның үйлестіруімен металлургия комбинатынан аса ірі мөлшердегі ақша ұрлау бойынша қылмыстық схеманы жолға қойған қылмыстық топтың мүшелерін ұстады.
Қылмыстық схема бақылаудағы мердігерлік және күзет ұйымдары арқылы жоқ тауарды жеткізуден тұрған. Шығын 1,5 миллиард теңгеден асады. Ұстау және тінту шаралары бір мезгілде Қарағанды, Теміртау және Алматы қалаларында өткізілді. Күдіктілер қамауға алынды, – деді Қуандық Алпыс.