Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен байланыс операторлары мен жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің қатысуымен өткен кеңесте телекоммуникация саласындағы жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Ауылдық елді мекендерде байланыс желілерін орнату және Каспий теңізінің табаны арқылы талшықты-оптикалық желілерді тарту жобаларын іске асыру барысы қаралды. Сонымен қатар 5G желілерін дамыту және мемлекет басшысының экономиканы ырықтандыру туралы жарлығын орындау мәселелері талқыланды.
Кеңесте Роман Скляр жобалардың орындалу қарқынын және сапалы интернетке қосылуды жеделдетуді тапсырды. Әкімдіктер мен байланыс операторларына антенна-діңгек құрылыстарын орнату бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы тездетіп әзірлеу міндеті қойылды.
Деректерді тасымалдау мақсатында транзиттік әлеуетті арттыру үшін Каспий теңізінің табаны арқылы байланыс желілерін тарту және «Батыс–Шығыс» гипермагистралін салу жұмыстары жедел жүргізіледі.
Байланыс қызметтерін сапалы көрсету, интернеттің қолжетімдігі, сонымен қатар азаматтардың өтініштері бойынша кемшіліктерді жедел жою мәселелеріне ерекше назар аударылды.