Астанада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевты ұстауға және алғашқы жауап алуға қатысқан екі полиция қызметкеріне сөгіс жарияланды.
Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты сот отырысы кезінде полицейлердің күдіктіні ұстау сәтінің видеосы көрсетілді.
Онда полиция қызметкері Қ. Бишімбаевтан «Өзі тілінен тапқан шығар?» (Әңгіме Салтанат Нүкенова туралы) деп сұрайды. Бұл факт бойынша қызметтік тергеу басталған еді.
Сонымен қатар оқиға орнында болған басқа қызметкерге де тексеру тағайындалды. Видеожазбадан оның күдіктімен бірге көшеде темекі шегіп, жерге түкіргенін байқауға болады.
Бүгін ішкі істер министрлігі екі тәртіп сақшысына қатысты тергеудің аяқталғанын хабарлады.
Аталған факті бойынша Астананың полиция департаменті жүргізген қызметтік тергеу аяқталды. Құқық қорғау қызметі туралы заңның 19, 56-57-баптарына сәйкес, сонымен қатар тәртіптік комиссияның шешімімен қызметтік тәртіпті бұзғаны үшін патрульдік полиция полкі қызметінің инспекторына сөгіс жарияланды, — делінген хабарламада.
Одан бөлек, ҚР әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-2-бабының талаптарын бұзғаны үшін (жалпы пайдалану орындарын ластау) Астана қаласының полиция департаменті Есіл ауданының жедел уәкіліне қатаң сөгіс жарияланған.
Айта кетейік, Қуандық Бишімбаевтың ісі Астана сотына жіберілген болатын. Оған екі бап бойынша айып тағылды. Олар:
- Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-бөлігінің 6-тармағы – адам өлтіру, басқа адамды қасақана аса қатыгездікпен адам өлтіру қазаға ұшырату (15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру);
- Қылмыстық кодекстің 110-бабы, 2-бөлігінің 1-тармағы — адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi не кiнәлi адамға материалдық немесе өзгедей тәуелдi адамды қинау (төрт жылдан жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу немес осы мерзімге бас бостандығынан айыру);
Еске салайық, былтыр 9 қарашада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың елордадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып, өлтіргені туралы хабар тарады.
12 қарашада Қуандық Бишімбаевқа қатысты екі айға қамауға алу туралы бұлтартпау шарасы қабылданғаны белгілі болды.
13 мамырда Қуандық Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылды.