Биыл Алматыда жазғы демалыс кезінде 266 мың бала демалады. Мектеп жанындағы лагерьлер 27 мамырда жұмыс істей бастайды.
Бұл туралы Алматы әкімдігі хабарлады.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, биыл балалар үшін сауықтыру және жұмыспен қамту сынды екі бағыт бойынша демалыс ұйымдастырылды. Сауықтыру демалысы аясында жетім, ерекше білім беру қажеттігі бар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сонымен қатар аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларды 100% қамту жоспарда тұр.
Оқушылар сарайының «Өрнек» лагерінде 3 маусымда 900 бала демалады. Бұл «Жанұя» балалар үйінің тәрбиеленушілері, халықтың әлеуметтік осал топтарының балалары, сонымен қатар байқаулар мен жарыстардың жеңімпаздары. Жұмыспен 263 мың оқушы қамтылады. Осы бағыт аясында облыс пен республика бойынша туристік сапарлар, көшпелі спорттық жиындар, үш күндік сапар, экскурсиялар, пікірсайыс лагерлері, тілдік жазғы мектептер және тағы басқасы ұйымдастырылады, — делінген хабарламада.
17 колледж базасында алғаш рет 8-класс оқушыларына арналған «Жаз – болашақ мамандықпен» жобасы жүзеге асады. 200-ден астам оқушыға жазғы демалысты қызық әрі тиімді өткізуге мүмкіндік беріледі.
№57 және 171 мектептерде этно-лагерьлер жұмыс істейді. Мектеп аумағында киіз үйлер орнатылады. Бағдарлама аясында ұлттық салт-дәстүрлерді, құндылықтар мен мәдениетті, әдет-ғұрыптарды, қолөнер, көрпе тігу, тоқу дағдысы үйретіледі. Сонымен қатар осы жазда 16 спорт лагері ашылады, онда зияткерлік және шығармашылық ойындар, спорттық-шығармашылық байқаулар, викториналар және тағы басқасы ұйымдастырылады, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар 3 маусымнан бастап Алатау және Наурызбай аудандарындағы оқушылардың инновациялық шығармашылық орталықтарында «Балалар мен кино», «Балалар мен театр», «Stem-лагерь» бірегей жобалары іске асырылады.
Жалпы биыл 150 мектепте ыстық тамақпен қамтамасыз етілген мектеп жанындағы лагерьлер жұмыс істейді. Бұл лагерьлерде 40 мыңнан астам бала демалады. Ал 96 мың бала тамақтанусыз мектеп жанындағы лагерьлермен қамтылады. Мектеп жанындағы лагерьге баланы орналастыру мәселесі бойынша мектептің әлеуметтік педагогына қабылдау туралы өтінішпен жүгіну қажет, — деп түсіндірді әкімдіктен.
Бұған қоса, жаз бойы оқушылар сарайы, оқушылар үйлері және инновациялық шығармашылық орталықтары сынды мемлекеттік қосымша білім беру ұйымдарында үйірмелер мен секциялар тегін жұмыс істейді. Атап айтсақ, шешендік өнер, актерлік шеберлік, журналистика, домбыра, вокал, фортепиано, хореография, қыш өнері, тоғызқұмалақ, бокс, дзюдо, заманауи бау-бақша, Lego робототехникасы, 3D модельдеу, AR/VR, авиамодельдеу, бағдарламалау.
Тегін үйірмелер барлық санаттағы балаларға арналған.