Сенат депутаттары кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайтуға қатысты заңға өзгеріс енгізіп, төменгі палата — мәжәліске қайтарды.
Заң банктік қарыздар мен микрокредиттер беру кезінде кредиторларға қойылатын талаптарды қатаңдату арқылы азаматтардың шамадан тыс несие алуын төмендетуді көздейді.
Азаматтарға мерзімі өткен кредиттерінің уақыты 90 күннен асқан жағдайда және жұбайының немесе зайыбының келісімінсіз несие беруге тыйым салу қарастырылған. Одан бөлек, қаржы нарығындағы кибер алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселелері де ескерілген. Енді электрон қарыздар беру кезінде банктер мен микроқаржы ұйымдары клиентті биометриялық сәйкестендіру тәртібін жүргізуге міндеттеледі.
Талқылауда сенаторлар құжаттағы нормаларды концептуалды тұрғыдан мақұлдап, оған бірқатар түзету енгізді және заңды мәжіліске қайтаруға шешім қабылдады.
Сенаторлар ұсынған өзгерістер:
- Қазақстан Республикасы қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қызметін ұлттық банк бюджетінен қаржыландыруға көшіре отырып, оны республикалық бюджеттен қаржыландыру құрамынан алып тастау;
- мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңінде заңда көзделген қарыз өтеуді кейінге қалдыруды 60 күнге ұзарту;
Бұл түзету запасқа шығарылған әскери қызметшіге жұмысқа орналасуға және төлем қабілетін қалпына келтіруге уақыт беру мақсатымен қарастырылып отыр. Заң арқылы азаматтардың банк несиелері мен микрокредиттер бойынша қарыздарын коллекторларға сатуға екі жылдық, яғни, 2026 жылғы 1 мамырға дейін мораторий енгізу ұсынылып отыр. Сотқа дейінгі реттеу және атқарушылық іс жүргізу шеңберінде азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері күшейтіледі. Банк омбудсманының өкілеті кеңейтіледі. Сонымен қатар жаңа микроқаржы омбудсманы институты енгізіледі, — деді депутаттар.