Қазақстан азаматтарының 78%-і тұрмыстағы зорлық-зомбылық үшін берілетін жазаны күшейту керек деп санайды. Бұл туралы DEMOSCOPE қоғамдық пікірдің эспресс-мониториң бюросы хабарлады.
DEMOSCOPE «Қазақстандағы тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы түсінік» деген тақырыпта сауалнама жүргізді. Онда тұрмыстағы зорлық-зомбылық және оның алдын алу шаралары туралы қоғамның пікірі, бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша азаматтардың ойы зерттелді. Сауалнама сот үкімі шығарылғанға дейін жүргізілді.
Сауалнама қорытындысы бойынша, қазақстандық азаматтардың 45,1%-і Бишімбаевты өмір бойына бас бостандығынан айыру әділ жаза деп санайды. Респонденттердің 19,4%-і 15-20 жылға бас бостандығынан айыруды, 9,5%-і 10-15 жылға дейін бас бостандығынан айыруды, 1,4%-і шартты түрде соттауды және айыппұл салуды қолдаған.
Сауалнамада азаматтардан қай тарапты қолдайтыны да сұралды. Респонденттің басым бөлігі (71,9%) жәбірленуші Салтанат Нүкенованы, 0,4%-і айыпталушы Қуандық Бишімбаевты қолдайды. Респонденттің бестен бір бөлігі (22,7%) екі тарапты да қолдамайды.
Азаматтардың 40,7%-і әділетсіз үкім шығарылса, қатаң әрі әділ жаза талап етуге дайын екенін айтады. Олардың 24%-і президенттің атына жазылған петициялар мен үндеулерге қол қоюға дайын екенін, 3,9%-і шерулер мен митиңге қатысатынын, 12,8%-і өз ортасында ашуланып қана қоятынын жеткізді. Бұл ретте 32,6% ештеңе істемейтінін айтқан.
“Бишімбаев ісі” қазақ қоғамы үшін тарихи әрі маңызды оқиға болды. Тіпті бұл жағдай басқа мемлекеттерді де елең еткізген ауқымды резонанс тудырды. Мұндай процесс алғаш рет тікелей эфирде көрсетілді. Бұрын-соңды болмаған су тасқынына қарамастан қоғам бұл процесті назардан тыс қалдырмады.
DEMOSCOPE мәліметі бойынша, қазақстандықтың жартысынан көбі (52,5%) жалпы сот процесін бақылаған. Үштен бірінен астамы (35,7%) сот процессі туралы білген, бірақ бақыламаған. Респонденттің 10,9%-і сот процесі туралы алғаш рет естіген.
Бір қызығы, қазақстандық азаматтың басым бөлігі (61,5%) сот процессі тікелей эфирде көрсетіліп, БАҚ-та жариялануын дұрыс деп есептейді. 12,2%-і, керісінше, бұған келіспейді, 15,8%-і бұл мәселеге қатысты көзқарасы бейтарап екенін айтты.
DEMOSCOPE зерттеуді тұрмыстағы зорлық-зомбылық тақырыбын қозғады. Олар сауалнамаға қатысқандар «Күйеуінің әйеліне қатысты физикалық зорлық-зомбылық көрсетуін кейбір жағдайда ақтауға бола ма?» деген сұрақ қойылды. Олардың басым бөлігі (65,8%) күйеуінің әйеліне қатысты көрсеткен физикалық зорлық-зомбылығын ешқашан ақтауға болмайтынына сенімді. Ал 27,7%-і әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты кей жағдайда ақтауға болады деп есептейді.
Сонымен қатар қазақстандықтың 37,9%-і белгілі бір жағдайда зорлық-зомбылықты ақтауға болатынына сенімді. Бұл нәтижелер Қазақстанда гендерлік зорлық-зомбылық туралы қоғамның түсінігі жақсарғанын көрсетеді.