Тäuel[dı]sız – заманауи өнер мен поэзияны ұштастырған арт-жоба. Бұл арт-жобада ән, би, күй, поэзия, проза, актерлық шеберлік тоғысып, әлем мен елдегі әртүрлі әлеуметтік мәселе перфоманс түрінде ұсынылады. 18 маусым күні Алматыда Тäuel[dı]sız арт-жобасының «Жерге табын адам енді» перфомансы өтті.
Baribar.kz тілшілері перфомансты тамашалап, жоба жетекшісі Руслан Жұбанышпен әңгімелесіп қайтты.
«Өнер – іштегі шерді, іштегі наразылықты шығаратын бірден-бір жұмсақ күш»
– Täuel[dı]sız арт-жобасының перфоманстарын тамашалаған сәтте жүйеге, билікке, қоғамға наразылық анық байқалады. Сіз үшін наразылықты өнер арқылы шығару маңызды ма?
– Ақын Ықылас Ожайұлының «Өнерден күшті оппозиция жоқ» деген сөзін ұстанып келеміз. Өнер наразылыққа ғана құрылуы керек дегенге келіспеймін. Өнер махаббат, достық деген сияқты мәңгілік тақырыптарды қамтып, өткен мен өзектіні де қаузай алуы керек. Бірақ біз секілді авторитар елдерде адам даусы естілмей жатады. Осындай сәттерде өнер секілді ұлы күш көмекке келуі мүмкін. Қоғам мен саясатта болып жатқан нәрселер адамға ықпал етпей қоймайды. Өнер – іштегі шерді, іштегі наразылықты шығаратын бірден-бір жұмсақ күш.
– Өнердегі протест не үшін маңызды?
– Іштегі ашу-ыза мен наразылық сыртқа шықпаса ертең үлкен дертке душар етуі мүмкін. Еңсерілмеген аштық, еңсерілмеген атом қасіреті ұрпақ сабақтастығына әсер етіп, үлкен травмамызға айналды. Қазір де бұл травмамызбен күресіп келеміз. Бұл травма ұлттың бойындағы комплекске де ықпал жасады. Наразылық танытып, көшеге шығуға мүмкіндік бермей жатқан тұста өнер үлкен күш. Біздің қойылымға жиналған көрермен шер тарқатып, мұң бөліседі деп ойлаймын. Өнердегі наразылық терапиялық күшке ие.
«Шындықты айту белгілі бір таптың жауапкершілігіндегі нәрсе емес, ол бәріміздің мойнымыздағы жауапкершілік»
– Сіз Täuel[dı]sız арт-жобасының әр кешінде «Жобаның мақсаты – заманауи поэзия өкілдерін насихаттау» дейсіз. Оқылатын өлеңдерді қандай критерий арқылы таңдайсыздар?
– Біз ақындарды билікшіл/тәуелсіз деп бөлмейміз. Осы жобаның бес жыл тарихында «Неге сіздер билікшіл ақынның өлеңін алдыңыздар?» деп сценариге тиіскен сәттер де болды. Бұл сынға қарсымын. Әлемде қанша адам болса, сонша пікір бар. Бір адамның бір оқиғаға қатысты әрқилы пікірі болады. Ақындарды да, адамдарды да билікшіл/тәуелсіз деп қарастырудан аулақпын. Ақынның туындысы айтқымыз келген ойды дөп жеткізіп тұрса, сол туындыны сөзсіз бекітеміз.
– Руслан, қоғамда наразылық болған жағдайда көп адам ақын-жазушыларды іздейді. Қиын кезде «Ақын-жазушылар қайда?» деп айқайлауымыз өзімізден жауапкершілік ысыру емес пе?
– Жауапкершілікті шығармашылық өкілдерге артудан аулақпын. «Ақындар шындықты айтпайды» дегенге де келіспеймін. Шындықты айту белгілі бір таптың жауапкершілігіндегі нәрсе емес, ол бәріміздің мойнымыздағы жауапкершілік. Жазушылар одағы дүркіреп тұрған кезде ақын-жазушылардың абырой-беделі болды, халық тыңдады. Ол кезеңнен өттік. Қиын-қыстау кезде ақын-жазушыларға иек артудан аулақ болуымыз керек. Негізгі күш – халықтың өзі. Жауапкершілікті бір топқа ысырып, тысқары отыру дұрыс емес.
«Мемлекеттен берілетін грант мемлекеттің жеке қалтасынан шығатын шығын емес»
– Täuel[dı]sız қаншалық тәуелсіз?
– Täuel[dı]sız арт-жобасы тәуелсіз болуға тырысып келеді. 30 адамнан жасақталған құрамды алып жүру оңай емес, үлкен кештерді өткізу үлкен қаржы мен ресурсты талап етеді. Сондықтан біз міндетті түрде не мемлекетпен, не халықаралық ұйымдармен жұмыс істеуіміз керек. Әзірге басқа жол жоқ. Халықаралық ұйымдар бірде-бір рет ішкі мазмұнға араласып, «сценариді өзгертіңдер» деген емес. Біз қашан да еркін болдық.
– Täuel[dı]sız арт-жобасы президент Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай тағайындаған «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты негізінде жүзеге асты. Сіздер Қаңтар оқиғасы туралы, елдегі проблемалар туралы ашық айтасыздар. Жобаға билік тарапынан қысым болмады ма?
– Иә, 2021 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын жеңіп алдық. «Хикая» кешін өткізіп, Қаңтар оқиғасын сахналадық. Бұл мемлекетке аса қатты ұнамады. «Грант берілсе, сценарий шекарадан аспауы керек» деген қағида болса керек. Біз бұл қағидамен келіспейміз. Мемлекеттен берілетін грант мемлекеттің жеке қалтасынан шығатын шығын емес. Ол — халықтың салығынан жиналатын қаражат. Мемлекеттен қаржы алған адамдарды мемлекетшіл деп қарастыруды доғару керек. Әрине, мемлекет қаржы бергенде ісіңізге араласуы мүмкін. Бізде бұл жағдай болды. «Азаттық» радиосы жасаған сюжеттен кейін профилактикалық әңгіме жасап, «ары қарай жалғастырмаңдар» дегендері рас. Біз үшін өнер – ақиқат. Шындық пен ақиқат өнерде айтылмаса, жасап жүрген істің бәрі бос әуре.
«Täuel[dı]sız жобасы қазақ әдебиетін насихаттап жатқаны үшін де маңызды»
– «Жерге табын адам енді» арт-перформансы Астана мен Алматы қалаларында қойылды. Арт-перформанс негізінен үш трагедияны қамтыған. Ол – аштық кезі, атом бомбасы, су тасқыны. Осы үш трагедияны әйел адам басынан өткереді. Неліктен атауын «Жерге табын адам енді» деп қойдыңыздар?
– 1961 жылы Юрий Гагарин ғарышқа ұшқанда Олжас Сүлейменов «Адамға табын жер енді» деген атақты поэма жазды. Аштық, атом, су тасқыны деген сияқты қасіреттерге адам ғана емес, Жер ана да куә болып келе жатыр. Біз адамды ғана құрбан көріп, адамның қайғысына ғана тоқталамыз. Адаммен бірге Жер ана да күрсініп, қайғы шегетінін ұмытпауымыз керек. Біз «Адамға табын жер енді» деген сөзді қайта таразылап, рефлексия жасайтын кез келді деп ойлаймыз. Осыған байланысты «Жерге табын адам енді» деген атауды таңдадық.
– Täuel[dı]sız жобасы не үшін маңызды?
– Цифрлы заманда әдебиет пен мәдениетті насихаттаудың жолдарын таба білуіміз керек. Поэзия мен прозаны аудиторияға жеткізудің маңызы зор. Аудиторияның қызығушылығын ескермеген жағдайда көп нәрсені жоғалтып аламыз. «Әдебиет — азшылықтың мүлкі» деп отыруға болмайды. Әдебиетті насихаттағымыз келсе, эксперименттен қорықпауымыз керек. Біз үшін бір ақын танылса жетістік. Täuel[dı]sız жобасы қазақ әдебиетін насихаттап жатқаны үшін де маңызды.
– Әңгімеңізге рақмет.