Су тасқынынан зардап шеккен үш өңірде 3,5 мыңнан астам оқушы аралық және қорытынды емтихан тапсырмайды. Бұл туралы ҚР оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев үкімет отырысында баяндады.
Олардың қатарында Атырау, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарының білім алушылары бар. Оқушылардың қорытынды бағасы жылдық бағалары негізінде шығарылады.
Су тасқынынан зардап шеккен және ауа райының қолайсыздығына байланысты қыс мезгілінде қашықтан оқыған 2 622 мектептің 832 мың оқушысы үшін 27-31 мамыр аралығында «Жазғы мектеп» жұмысы ұйымдастырылады. Жазғы мектепті ұйымдастырудың негізгі мақсаты – оқушы біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру арқылы білім сапасын арттыруға бағытталған, — деді оқу-ағарту министрі.
Еске салайық, биыл 3,8 миллион оқушы кезекті оқу жылын аяқтайды. 9 және 11-кластарды бітірушілер үшін қорытынды емтихандар 29 мамыр-11 маусым күндері өтеді.