Биыл 3,8 миллион оқушы кезекті оқу жылын аяқтайды. Жыл қорытындысы туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев үкімет отырысында баяндады.
Оның айтуынша, бастауыш класты 374 мың, негізгі мектепті – 341 мың бала тәмамдайды және 186 мың түлек мектеп қабырғасынан түлеп ұшады. 7 704 жас түлек «Алтын белгіге» үміткер.
Мектеп түлектеріне арналған «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты іс-шара 25 мамырда өтеді. Аттестаттарды табыстау рәсімі 12-15 маусым аралығына белгіленді. 9 және 11-класс бітірушілерінің қорытынды емтихандары 29 мамыр-11 маусым күндері өтеді, — деді Ғани Бейсембаев.
Сонымен қатар биыл алғаш рет 5-8, 10-кластарда қазақ тілін меңгеруді бағалау мақсатында қазақ тілінде және басқа тілде оқытатын мектептердің білім алушылары үшін аралық емтихандар өткізіледі.