Шымкент әкімдігі заң талаптарын бұза отырып, бір жыл бойы инвесторға жер учаскесін беруге келісім бермеген. Бұл туралы қалалық прокуратура хабарлады.
Мемлекет басшысының маңызды инвестициялық жобаларды прокурорлармен сүйемелдеу жөніндегі тапсырмасы аясында Шымкент прокуратурасы инвестордың құқығын қорғады, — деп жазылған хабарламада.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша инвесторға жер учаскесін беру мәселесі келісілді, кінәлі тұлға жауапкершілікке тартылды.
Инвестициялық жоба сүйемелдеуге алынды, ол Шымкент прокуратурасы басшылығының бақылауында болады.
Еске салайық, инвесторлардың өтінішіне жедел шара қолдану мақсатында қала прокуратурасының алаңында фронт-офис құрылып, мобильді топ тәулік бойы жұмыс істеп жатыр (байланыс телефоны 8-707-615-00-10).