Ішкі істер министрлігі соңғы қоңыраудың алдында мектеп түлектері мен олардың ата-аналарына үндеу жолдады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
25 мамырда барлық мектепте оқу жылының аяқталуына арналған сынып сағаттары өткізіледі. Сол кезде қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтіледі. Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша әрбір оқу орнына жауапты полиция қызметкері бекітілді. Ал патрульдік нарядтар оқу орындарына барынша жақын жүреді.
Кейінгі жылдардағы тәжірибеге сүйенсек, мектептердегі «соңғы қоңыраулар» аяқталғаннан кейін ата-аналардың рұқсатымен көптеген түлек іс-шараларды өз бетінше жалғастырады. Өкінішке қарай, жасөспірімдердің көлік тізгіндеуі қайғылы оқиғаларға әкеліп жатады. Былтыр мұндай фактілер Жамбыл, Атырау облыстары мен Алматы қаласында болды, — дейді министрліктің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.
Бұдан бөлек, ата-аналардың бақылауынсыз балалар тыйым салынған жерлерде суға түсіп жатады. Былтыр Ақмола, Маңғыстау және Атырау облыстарында бірнеше жасөспірім суға кетті.
Осыны ескере отырып, ата-аналар мен түлектерді мінез-құлықтың қажет нормалары мен ережелерін сақтауға шақырамыз. Құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда дереу 102 арнасына, ал төтенше жағдайлар туындаған кезде 112 нөміріне хабарласуды сұраймыз, – деді Шыңғыс Алекешев.